Киев мәмілеге қол жетуі мүмкін екенін мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киев мәмілеге қол жетуі мүмкін екенін мәлімдеді

16.03.2022

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерде тараптар бір мәмілеге келуі мүмкін деген үміт бар. Мұны Киев делегациясының жетекшісі Михаил Подольяк хабарлады.

Президент Владимир Зеленский ымыраға келетіндей сыңай танытып, екі жақты бейбіт келіссөздердің біршама шынайы өтіп жатқанын мәлімдеді.

Украина өкілдерінің сөзінше, Ресей Киевте жаңа билік құра алмайтынын мойындап, армиясының қатарына қосымша күш тарта алмай отырған тәрізді. Және де Мәскеу Украинаға тізе бүгу туралы талабынан бас тартқан. Сондықтан, бұл әскери жанжал болжамдағыдан әлдеқайда ертерек, мәселен, мамырдың басында аяқталады деп үміт бар. Дегенмен, Кремльдің соңғы мәлімдемесіне қарағанда, келіссөздерде прогресс бар деп айтуға әлі ерте.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Украинадан көрші мемлекеттерге қашқандардың саны 3 миллионға жетті. Солардың 1,8 миллионы Польша жеріне өткен. Және де 34-сағаттың коменданттық сағат жарияланған Киевтің 3,4 миллион тұрғынының жартысы үйлерін тастап кеткен. Мұнда сейсенбі күні үйлер бомбаланғанда қаза тапқандардың саны бесеуге жетті. Ал 20 күннен бері Ресей әскерінің қоршауында қалып, авиациялық соққыға ұшырап жатқан Мариупольден 20 мыңдай адам қашты.

Байден Украинаға 13,6 млрд доллар көмек беру туралы заңға қол қойды

АҚШ президенті Джо Байден болса, Украинаға 13,6 миллиард доллар қауіпсіздік көмегін бөлу туралы заңға қол қойды. Және де Ақ үй басшысы бүгін Украинаны қаруландыруға тағы 800 миллион доллар беретінін жарияламақ.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу