Азаматтық қоғам реформаларды іске асыруға жұмылуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азаматтық қоғам реформаларды іске асыруға жұмылуы тиіс

16.03.2022

Президент айтқандай енді барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды қоғам талқылай алады. Реформаны жүзеге асыруға белсенділерді тарту жұмыстары ширай түседі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің рөлі артады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың квазимемлекеттік секторының жанындағы қоғамдық келісімдерді дамытып жатырмыз.

Президент олардың қызметіне қатысты бұған дейін сын айтқанын да жеткізді. Бірақ, бұл кеңестердің институционалдық әлеуеті зор, - деді. Сондықтан мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе жұмыс істеуін күшейткен абзал.

Күнтуған Еркебұлан, Еріктілер аймақтық фронттық офисінің жетекшісі:

Көп жағдайда бұл саяси институттардың немесе бір саясаткерлердің талқылауымен ғана өтетін жүйе болып қалыптасты ғой. Халықтың мүддесін сол мемлекеттік билікке реформа құру кезінде тікелей жеткізуді бұл мемлекеттің даму жолындағы ерекше бір байланыс болады, - деген үміттемін. Өйткені, кез келген саяси реформа жалықтың жағдайын жақсартуға арналуы керек.

Ұлттық құрылтай билік пен халықтың арасында дәнекер болады

Қазір қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыру аса маңызды. Осы мақсатта Президент Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым билік пен халықтың арасында дәнекер болуы тиіс. Оның құрамында барлық аймақтың өкілдері болады.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халықтың талабы ескерілген Жолдау болды деп толығымен айта аламын. Осының барлығы еліміздің тәуелсіздігіне қызмет ету керек. Ең басты құндылық – тәуелсіздік. Осыны бекіту жолында бүгінгі Жолдауда еліміз үшін өте құнды нәрселер айтылды. Енді осыны сәтті жүзеге асыруымыз керек.

Ұлттық құрылтай – дала демократиясы бастауының жалғасы. Оның негізі – елдегі бірлікті сақтау. Жаңа құрылымның құрамына Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Азаматтық альянс, Қоғамдық кеңес мүшелері мен белгілі мемлекет қайраткерлері кіре алады. Олар елдің ертеңі мен егемендікті нығайтуда өз үлестерін қосады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу