Астанада «Шуақты қала» отбасылық фестивалі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Шуақты қала» отбасылық фестивалі өтуде

06.07.2014
Астанада «Шуақты қала» отбасылық фестивалі өтуде

«Қазақ елі» монументі жанында да ауқымды шара өтіп жатыр. Оған жас та, жасамыс та тегіс жиналған.

Индира Бегайдар, тілші:

Сәуле шашқан еліне, нұрын төккен жеріне, әсем қала, жас қала, бас қала - Астана күні ерекше аталып өтуде. «Қазақ елі» монументінің алдында «Шуақты қала» отбасылық фестивалі өтіп жатыр. Ол кеше басталған болатын.

Бұл шараның маңызы айрықша. Отанның отбасынан басталатынын ескерсек, бұл ең алдымен бірлігімізді бекітіп, ынтымағымызды арттыра түседі. Әсем безендіру мен ландшафтты дизайн кез келген адамды ерекше көңіл-күйге бөлейді.

Ұйымдастыру жұмысына 50-ден астам аниматор мен заманауи техника жұмылдырылыпты. Барлығы 16 алаңға бөлінген. Фестивальдің маңызды құрылымы - шоу бағдарлама.

Айта кетейік, қызықты тамашалауға келген адамның қарасы қалың. Шетелдіктермен қатар, еліміздің әр өңірінен тұрғындар келіп жатыр. Солардың бірі - Үрләш Бұқабаева.

Үрләш Бұқабаева - қала қонағы /Өзбекстан/:

Мереке тамаша өтіп жатыр. Жолдасым екеуміз түрлі көрмелерді, мерекелік шараларды тамашалап жүрміз. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Астана – әсем, сұлу қала. Астаналықтарды, Астана қонақтарын, жалпы халықты  мерекемен құттықтаймын!

Бұл фестивальдің тағы бір ерекшелігі бар. Ол әртүрлі жастағы адамдарға арналған. Мәселен, мұнда балалармен қатар, ересектерге де түрлі спорттық, ойын-сауықтық бағдарлама әзірленіпті.

Ал, білім бәсекесінде Елорданың тарихы, өткені мен бүгіні туралы қызықты сұрақтар қойылуда. Фестиваль ертеңге дейін жалғасады, оған кез келген адам қатыса алады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу