БҰҰ мәліметінше соғыстан қашқан украиндық босқындардың саны 3 млн-нан асты. Бастапқыда шекаралас Польша, Румыния, Словакия, Венгрияға тұрақтаған келімсектер қазір Батыс Еуропа елдеріне де ағылуда. Бельгияға соңғы екі аптада 15 мыңға жуық Украина азаматы келген. Босқындарды тіркеп, оларға тиісті көмек көрсету үшін ел астанасы Брюссельде арнайы орталық ашылды.
ЭКСПО көрмелері ұйымдастырылатын алып ғимараттан ашылған тіркеу орталығының алды ұзын-сонар кезек. Тезірек тіркелуге ассықандар тоғызда ашылатын орталыққа таңғы алтыда келген. Бірінші боп кіру үшін кейбірі орталықтың сыртында түнегендерін айтады. 30 жастағы Иннаға екі баласы, әпкесімен екінші күн дегенде «босқын»дәрежесін алудың сәті түсті.
Инна, босқын:
Біз 5 наурызда жолға шыққанбыз. Украинадан шекаралас мемлекетке 6 күн дегенде әрең жеттік. Одан Польша, Германия арқылы Бельгияға келдік. Күйеулеріміз соғыста. Бельгиялықтар бізді жақсы қарсы алды. Бірақ, бар ойымыз өз Отанымызда.
Аниль Рао, Бельгияның шетелдіктермен жұмыс жөніндегі кеңсесінің қызметкері:
Бүгінге дейін елімізге 15 мыңға жуық босқын Украинадан келді. Алты мыңнан астамын тіркеп үлгердік. Оларға бір жылға төлқұжат беріледі. Сол арқылы олар жұмысқа тұрып, әлеуметтік көмек ала алады.
Үкімет «қызыл крест» өзге де қайырымдылық ұйымдарының көмегімен босқындарға азық-түлік, киім-кешек таратып, уақытша шіркеулерге, бос тұрған қарттар үйлеріне орналастырып жатыр. Арнайы құрылған сайт арқылы жергілікті тұрғындар да украиндықтарға өз баспанасын ұсынуда. 8 жаннан тұратын Одессалық Осипенколар отбасын Брюссельдік ерлі-зайыпты үйінің екінші қабатына орналастырыпты.
Юлия Осипенко, босқын:
Киевте қалу қауіпті болған соң, осында келдік. Бұл отбасы бізді пойыздан күтіп алып, үйіне әкелді. Алғысымыз шексіз. Соғыс біткен соң, елімізге қайта ораламыз.
Бельгия королі Филипп пен патшайымы Матильда да көпке үлгі көрсетіп, жақын күндері өздерінің екі пәтеріне украиндық үш отбасыны орналастыратындарын жариялады. Елдің Фландрия аймағының басшылары мигранттарға ыңғайлы болу үшін арнайы босқындар қалашығын тұрғызуды жоспарлап отыр. Ресми билік 200 мыңдай украиндық босқынды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Нұрсұлу Қасым