Алматыдағы Ұлттық парк аумағынан «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды. Полиция департаментінің мәліметі бойынша олардың жасырылған жерін жаппай тәртіпсіздікке қатысып, қолға түскендер айтқан. Жедел іздестіру шарасы ұйымдастырылып, жер үсті кәріз құдығынан қапқа салынған тапаншалар, оқ-дәрілер және полиция қызметкерінің формалары табылды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстандық полицейлер Өскемен қаласында орналасқан гараждардың біріне тығылған қару-жарақтарды тапты. Тінту кезінде ТТ маркалы тапанша, шолақ мылтық, 450-ден астам түрлі калибрлі оқтар тәркіленді. Қазір 47 жасар ер азамат қару-жарақты не үшін сақтағаны және оларды қылмыстық мақсатта пайдаланғандығы анықталып жатыр. Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті.
Раушан Сайлауқызы