Ұлытаудың дамуына жол ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытаудың дамуына жол ашылады

17.03.2022

Ұлытаудың дамуына жол ашылады. Қарағанды облысы аумағында Ұлытау өңірі енді дербес облыс ретінде бөлінеді. Ал, Жезқазған қаласы орталығы болады. Әкімшілік-аймақтық құрылымын бұлайша оңтайландыру өңірдің екінші тынысын ашады. Оған жезді өңірдің өндірістік қуатын, туризм мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану керек екенін Президент Жолдауда баса айтты.

Ұлытау облысы болып қайта құрылатын жезді өңір жұртшылығының қуанышында шек жоқ. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған аймақта тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Бір ғана Жезқазған қаласында 120 мың тұрғын болса, бүгінде соның 91 мыңы ғана қалған. Енді өңірге айрықша көңіл бөлініп, олқылықтың орны толады, - дейді көпшілік.

Құлымбет Бірімжанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Бір салаға тәуелді қалалардың бірі біз едік. Енді облыс болсақ бізге жан-жақтан ресурстар, капитал, инвестиция келеді деген сөз. Біздің жастарымыз енді басқа облысқа, басқа қалаларға кетпейтін болады.

Руслан Төлен, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Біз үшін өте үлкен серпіліс, өте үлкен көңіл-күй сыйлаған сәт болды. Жұмыс орындары, оқу орындары, спорт орындары ашылады деген сөз. Жезқазған қаласы, Жезқазған өңірінің алға басатындығына сенім ұялады.

Ұлытау жер аумағы бойынша Қарағанды облысындағы ең үлкен аудан. Шалғай ауылдары көп. Мәселен Сарысу ауылы сонау ауданның өзінен 300 шақырымдай қашықта. Ал тұрғындардың облыс орталығына жетуі тіпті қиын.

Сұлтанғазы Жанділдинов, Сарысу ауылының тұрғыны:

Ұлытаудың облыс болғанына қатты қуандық. Қарағанды бізден 600 шақырым жер еді. Барып келуіміз, шаруашылыққа өте қиын болатын. Жезқазған үйдің қасы. Бала-шағамыздың оқуына, жұмыс істеуіне өте қолайлы.

Қазір мысты өңірдің экономикасы тұрақты. Мұнда алпауыт металлургиялық комбинат, кен шахталары жұмыс істейді. Жезқазған қаласының өзінде 6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектілері бар. Алдағы уақытта Ұлытау өңірінің өндірістік қуатын, туризмін, өзге де мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып озық облыстардың деңгейіне көтеруге әбден болады.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

Жезқазған өңірінің мына транспорттық-транзиттік әлеуеті ашылатын болады, туристік тартымдылығы артып, кеңінен дәріптеуге қолымызды жеткізетін боламыз. Облыстағы ең апатты үйлері көп қала осы Жезқазған қаласы. Орнына жаңа үйлер салудың бірден бір механизмі ол реновация. Жердің нарығы сұранысқа ие болып жатқан жерде, үйдің нарығы сұранысқа ие жерлерде жақсы іске асатын механизм.

Алдағы уақытта Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанның бас жоспары қайта қаралып, әкімшілік ғимараттар, кадрмен қамту мәселесі жүйелі іске асады. Өңірдің нақты жер аумағы қала, аудан, ауылдардың географялық орналасуы мен инфрақұрылымы ескеріле отырып шегенделеді. Жезқазған-Ұлытау аймағын дамытудың бұрынғы кешенді жоспары қайта жаңғыртылып, ауқымды жұмыстар атқарылады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу