Ресейдің қорғаныс министрлігі Украинаның Изюм қаласын бақылауға алғанын хабарлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің қорғаныс министрлігі Украинаның Изюм қаласын бақылауға алғанын хабарлады

24.03.2022

Украинада қарулы жанжал жалғасып жатыр. НАТО-ның мәліметінше, Ресей осы уақыт ішінде қаза тапқандарды, жараланғандарды қосқанда, 30-40 мың адам жоғалтқан. Ресей қорғаныс министрлігі болса, 498 адамының мерт болғанын соңғы рет наурыздың 2-де айтқан. Украина тарапынан қанша жауынгер өлгені белгісіз.

Бірақ, екі апта бұрын президент Владимир Зеленский ел қарулы күштері қатарында 1300 қызметкердің жан тәсілім еткенін жариялаған. Украина армиясы Киев маңындағы Макаров және Мощунь қалаларын қайтарып, Ресей әскерін Буча, Ирпин қалалары маңын қоршауға алуға жақын. Ал, оңтүстікте Ресей әскері порттық қала Мариупольді қоршап, бомбалауды күшейтті. Соның салдарынан 100 мыңдай адам қаладан кете алмай жатыр. Бұған қоса, бүгін Ресейдің қорғаныс министрлігі Украинаның Изюм қаласын бақылауға алғанын хабарлады. Дегенмен, Украина тарапы бұл ақпаратты растамай, шайқас жалғасып жатқанын мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу