Елде ұн бағасы күрт қымбаттауы мүмкін. Өйткені, бидайдың құны екі аптада 20 пайызға өскен. Ал шаруалардың кейбірі көктемгі егіс науқанына уақытылы кірісе алмауы ықтимал. Себеп – сырттан келетін импорттық тауарлардың дені кешігіп жатыр. Ресейдің астық экспортына тыйым салуы да жағдайды қиындатып отыр.
Көктемнің бір күні - жылға азық. Дегенмен, егіс қарсаңында кедергі көбейді. Қазақстан – астық өндіруден кенде емес. Бірақ импортқа тәуелді. Тұқымнан бастап, тыңайтқыш, химиялық қоспалар, техникаға қажет қосалқы бөлшектер түгел сырттан келеді. Ал әлемдегі саяси ахуал салдарынан олардың бағасы еселеп қымбаттады. Оған қоса жеткізу оңайға соқпай тұр. Шаруалар шығын шаш етектен деп отыр.
Талғат Алдажаров, шаруа иесі:
Тыңайтқыштың бағасы былтырғыдан екі есе өсіп кетті. Қосалқы бөлшектердің бәрін Еуропадан алатынбыз. Енді қалай жеткізетініміз белгісіз. Оның үстіне логистика бағасы шарықтап тұр. Барлық шаруалар қазір көптеген қиындыққа тап болуда.
Қазақстан тұқымның 70 пайызын Ресейден алады. Ал көрші ел астық экспортына уақытша тыйым салды. Бұл да шаруаларды нағыз жұмыстың қызар шағында тығырыққа тіреді. Көбі келісімге қол қойып, ақшасын төлеп қойған. Тек жеткізілуін ғана күтіп отыр. Диқандар енді Үкімет тарапынан жасалып жатқан келіссөздерден үмітті. Дегенмен, қос бүйірден қысқан қымбатшылық салдарынан шаруалар астық бағасының өсетінін жасырмайды.
Қазыбек Омаров, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:
Бағаның өсуіне ешқандай қосымша субсидиялау немесе қосымша көмек қарастырылмаған. Сондықтан ол ауылшаруашылығы өндірушінің тікелей мойнына ілінеді және күзгі астықтың бағасына қосылады. 25-30 пайызға өседі деген ойдамыз.
Ал астық өңдеушілер экспорт көлемін шұғыл азайтуды талап етіп отыр. Әйтпесе ішкі нарықта бидай мен ұнға тапшылық күрт артады. Қазірдің өзінде ұсыныс азайып кеткен.
Әлихан Талғатбек, ҚР Астық өңдеушілер одағының вице-президенті:
Маусым, шілде айларында біз ұнсыз қалуымыз мүмкін. Беріліп жатқан есептері күмәнді. Осыдан 2 апта бұрын бір тонна бидай 120 мың теңге болса қазір 30 мың теңге өсіп кетті. Соның өзінде табу қиын. Сондықтан, қорды артығымен ұстау керек. Жалпы, шикізатты сыртқа шығара бергеннен көрі, өзімізде өндіріп, дайын өнім ретінде сатсақ анағұрлым ұтатын едік.
Ал осы мәселелерге тікелей жауапты - ауылшаруашылығы министрлігінен жауап беретін маман таппадық. Тек сайттағы жазбаға ысыра салды.
Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр, елдегі ұн мен бидай тапшылығына жол бермейді. Тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қалай дегенмен, алдағы айларда елде азық-түлік бағасы тағы өсуі мүмкін. Өйткені, ұн мен бидайдан бастап, жем-шөпке дейін астықтың құнына тәуелді.
Асима Нұрбайқызы