Алматыда кибербуллингке ұшыраған балалардың мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда кибербуллингке ұшыраған балалардың мәселесі талқыланды

25.03.2022

Алматыда балалардың кибербуллингке ұшырауы және отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері талқыланды. Сарапшылардың сөзінше, соңғы кезде түрлі мессенджерлер, ойын платформалары мен ұялы телефонды қолдану арқылы жасөспірімдерді қорқыту, зорлық көрсету фактісі жиілеген. Жиынға қатысушылар бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алатынын айтады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге хабарламайды. Тіпті, ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанын орындайды. Осыны ескерген республикалық «Сенімен болашақ» ата-аналар қоғамдық бірлестігі бірқатар сала мамандарымен мәселені жан-жақты талқылады. Сарапшылар пікірінше, баладан бұрын әуелі ата-ананың медиа сауаттылығын арттырып, отбасы құндылықтарына жауапкершілікпен қарауы аса маңызды.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қоғамдық бірлестіктер құрылып, ата-аналар бас қосқаны бұл өте жақсы, құнды дүние деп ойлаймын. Және қоғамымыздың өскені, санасының өскені, балалар үшін жауапкершіліктің өскені, балалардың арғы жағында әрине, біздің отанымыздың болашағы үшін өзінің жауапкершілігін түсінетін қоғамның жұдырық болып жұмылғаны деп ойлаймын.

Ақымбек Жолаев, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Қазіргі мына заманда ата-ана болу үшін белгілі бір біліммен, мәдениетпен қалыптасқан түрде дайындықпен бару керек. Ол ешқашан кеш емес. Қай деңгейде болса да. Оқып, білімін жетілдіріп, отбасы құндылықтарын сіңіріп, жалпы отбасылық құндылықтарды сіңіріп, насихаттап, бала тәрбиесінің жаңа замандағы методикасын үйрену кеш емес.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу