Ресей Украинада қаза тапқан сарбаздарына қатысты ақпарат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей Украинада қаза тапқан сарбаздарына қатысты ақпарат берді

26.03.2022

Украина қарулы күштері мен Ресей әскері Мариуполь көшелерінде қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатыр. Авиациялық соққы астында қалған шаһар күйреуге жақын. Сонымен бірге Ресей әскері Славутич қаласын бақылауға алған. Жергілікті халық оларға қарсы митинг өткізді. Ал Киевте дүйсенбіге дейін коменданттық сағат жарияланды. Батыс барлаушыларының дерегіне сай, Ресей армиясы құрлықта кең ауқымды операцияларды азайтып, қалаларға артиллерия мен әуеден оқ жаудыруды үдете түсті.

Өзге бір мәліметтерге сүйенсек, Мәскеудің Украинадағы бастапқы стратегиясы сәтсіздікке ұшырап, Ресей әскері келесі қадамдарды ойластыруға мәжбүр. Кеше елдің қорғаныс министрілігі Украинадағы өздері «арнайы операция» деп атайтын қарулы қақтығыстың бірінші кезеңі аяқталғанын мәлімдеді. Бұған қоса, Украинада қаза тапқан және жараланған ресейлік сарбаздарға қатысты жаңа дерек келтірді.

Сергей Рудской, Ресей Қарулы күштері бас штабы бас жедел басқармасының басшысы:

– Операцияның бірінші кезеңінде негізгі мақсаттар түгел орындалды. Украина қарулы күштерінің жауынгерлік әлеуетін әлсіреттік. Бұл бізге негізгі күш жігерімізді басты мақсат - Донбасты азат етуге жұмылдыруға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, әскери операция барысында 1351 ресейлік сарбаз қаза тауып, 3825-і жараланды.

Ресей тарапының мәлімдеуінше, 14 мың украиналық сарбаз қаза тапқан. Киев бұл мәліметті жоққа шығарып, Президент Владимир Зеленский 16 мың ресейлік әскери қызметкердің өлгенін мәлімдеді. Сонымен бірге Зеленский Мәскеумен келіссөздерді жалғастыруға үндеді. Украина президенті Доха халықаралық форумында видеобайланысқа шығып, мұнай өндіретін елдерді өндіріс көлемін ұлғайтуға үндеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Катар тәрізді энергетикалық ресурстарды экспорттаушы елдер Еуропаны тұрақтандыруға өз үлесін қоса алады. Мен өндірісті арттыруды сұраймын. Ресей энергияны әлемді бопсалайтын қару ретінде қолдануға болмайтынын түсінуі тиіс.

Украина министрлері АҚШ президентімен кездесті

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мен қорғаныс министрі Алексей Резников Варшавада АҚШ президенті Джо Байденмен, мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен және Пентагон басшысы Ллойд Остинмен кездесті. Кулебаның сөзінше, келіссөз Украинаның Ресей агрессиясына қарсы тұру қабілетін күшейту үшін саясат және қорғаныс саласында шешімдер іздеуге мүмкіндік береді. Кейбір пікірлерге қарағанда, Украина министрлерінің елден сапарлап шығуы Киевтің әскери қақтығыста сенімділігі арта түскенін көрсетеді.

Хабарламаларға жазылу