Алматы облысының Ұзынағаш ауылында кәсіптік колледж өңірге қажетті мамандарды даярлауға көшті. «Жас маман» бағдарламасымен оқу орны биыл жаңа техникамен толығып, ауылшаруашылығына керек деген кәсіптер бойыша білім беруде. Биыл білім мекемесі жұмыссыз жүрген аудан тұрғындарын оқытып, белгілі бір мамандықты меңгеруге ықпал жасамақ.
Жап-жаңа трактор тізгіндеген Камаладдин Ниетбаев болашақ фермер. Кәсіптік колледж қабырғасында дәнді себуден бастап, оруға дейінгі жұмыстарға қажет техниканың бәрін меңгеріп жатыр. Білім шаңырағына «Жас маман» бағдарламасымен 240 млн теңге бөлініп, ауылшаруашылығына қажет жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Камаладдин Ниетбаев, студент:Қазақстанға игілігімді тигізгім келеді.
Ауыл шаруашылығы мамандықтарынан бөлек бұл колледжде аспаз, шаштараз, дәнекерлеуші мен автокөлік электригі сияқты қоғам сұранысындағы мамандарды даярлайды. Қазір оқу орнында 500 студент білім алуда. Енді, ауыл-аймақтарда жұмыссыз қалған азаматтар да осында келіп кәсіп меңгере алады.
Болат Алтаев, Жамбыл атындағы кәсіптік колледж директоры:Бізде қазір 24 ауылдық округ бар. Содан бір алғанда 50-60 адамды оқытып шығуымыз керек. Ол 1 ай болуы, 3 ай болуы мүмкін. Біз оның бағдарламасын дайындап қойдық. Олар қандай талап қояды, солардың талабына сәйкестендіріп оқытып шыға аламыз.
Білім шаңырағы жергілікті шаруа қожалықтармен де байланыс орнатқан. Жаңа техникамен қызмет көрсетіп, шәкірттердің тәжірбие жинақтауына да мүмкіндік бар.
Қуаныш Қанатұлы