Өткен жылы алименттен жалтарған 316 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен жылы алименттен жалтарған 316 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған

28.03.2022

Өткен жылы алименттен жалтарған 316 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір 8 мыңға жуық борышкерден қарызды өндіріп алу жұмыстары созылып барады. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді. Қазір бізбен әріптесім Дарын Сағитов тікелей байланыста.

Дарын Сағитов, тілші:
Алимент төлемей қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны жыл санап артып келеді. Бас бостандығынан айырылғандардан бөлек, өткен жылы 6 мыңға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Демек, қарызды өндіріп алуда олқылықтар көп. Жиында Әділет министрі осылай деді. Оның бастысы – заңнамада шикілік көп және борышкерлердің қарызды төлеуге жағдайы жоқ. Тағы бір проблема – көптеген қаржы ұйымдары автоматтандырылған ақпарат жүйесінде жоқ. Бұл қарызды уақытылы төлеуге кедергі келтіріп отыр. Мысалы, елдегі 27 банктің тек 14-і ғана ақпараттық алмасуға қосылған.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
Қазіргі таңда 8 мың алимент атқарушылық іс проблема болып жатыр. Себеп, біреуінің жұмысы жоқ. Біреу жасырынады. Тығылады. Біреу алып жатқан еңбекақысының көлемін төмендетеді. 

Сот орындаушылардың әрекеттеріне шағымдардың саны да азаймай отыр. Жоғарғы соттың ақпаратына сәйкес, соңғы 3 жылда сотқа берілген шағымдардың саны 10 мыңнан асып кеткен. Соттарға түсетін әкімшілік талап арыздардың ең көбі – сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты. Соңғы 9 айда елімізде 6 мыңнан астам талап арыз түскен.

Жалпы қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу тиімді, жедел және әділ болуға тиіс. Өкінішке орай, өндіріп алушылар өздеріне тиесілі сомаларды уақтылы және толық өндіріп алуға қол жеткізе алмай келеді. Тараптарға тиісті хабарлама жіберу тетіктерін де жетілдіруді қажет дейді министр. Мысалы, SMS-хабарламалар борышкерге немесе өндіріп алушыға жетпеуі де мүмкін. Ал пошта арқылы хабарлама жіберу ұзақ уақытты алады. Және оның құны шамамен 400 теңге. Қазір министрлік барлық олқылықтарды ескеріп, Мәжбүрлеп орындату туралы жаңа Заң жобасын әзірлеп жатыр. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу