Балқаш көлі жағалауындағы балықшылар табыстан қағылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш көлі жағалауындағы балықшылар табыстан қағылып отыр

28.03.2022

Балқаш көлі жағалауындағы Шашубай кентіндегі балықшылар ешқандай делдалсыз мемлекетпен тікелей жұмыс істеуді сұрайды. Себебі балық шаруашылықтарына тәуелді тұрғындар шен-шекпенділердің құқайынан шаршағандырын айтады. Табыстан қағылған балықшылар биліктен жәрдем сұрайды. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы тұрғындармен кездесіп, мән-жайды білді.

Қытайда жасалған ауды пайдалануға тыйым салынса да базарда ашықтан-ашық сатылып жатыр. Ал, талапқа сай құралды табу қиын, болған күннің өзінде қымбат, тіпті ол балық аулауға мүлдем жарамсыз,-дейді жұрт. Онсыз да шығыны көп балықшылар көлге шығу үшін лицензияны фирмалардан 18-35 мың теңгеге сатып алады. Аулаған балығын тағы соларға арзанға өткізуге мәжбүр. Өйтпесе лицензия жоқ. Сондықтан балықшылар мемлекетпен тікелей жұмыс істеуді ұсынады.

Су учаскелерін мемлекеттік конкурста ұтып алған фирмалар мұның бірін де жасамайды. Себебі, учаскелер «өмірі қармақ ұстап көрмеген» қалталыларға бұйырады. Балық шаруашылығын дұрыс жүргізудің тәртібінен олар мүлде бейхабар. Кейін осы кәсіпке қарапайым жұртты жалдайды. Балық аулауға тыйым салынатын мерзім де тым ұзақ. Жаздың қолайлы уақытының көбі өтіп кетеді,-дейді тұрғындар.
Әбдікәрім Әмірханов, Шашубай кентінің тұрғыны:
Алады да 15 сәуірде жауып тастайды. Содан 1 маусымға дейін көл жабық, ешкімге шығуға болмайды. Кезінде 10-15 күнге ғана жабылған. 
Маусым ашылған бетте балықшылардың алдынан құжат мәселесі тағы шығады. Салдарынан Қытай торымен тұтылған жұрт шетінен «браконьер» атанбас үшін шен-шекпенділердің сұрағанын беріп, құқайына көніп жүр.
Айман Тұқбаева, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты:
Балықшылар бізді мүлде тексермесін деп тұрған жоқ. Профилактикалық шаралардың жүргені дұрыс. Олар инспекторларға, шен таққан әркімге қашанғы ақша төлей беруіміз керек деп ашық айтып отыр. Заңның реттелгенін, кәсіби балық аулау шаруашылығының жүйелі жүруін қалайды.
Балқаш көлінің жағалауында балық аулап жан бағып отырған елдімекендердің мәселесі жуырда Шашубай кентіне келген депутаттар мен Балық шаруашылығы комитетінің өкілдерімен болған кездесуде талқыланды.
Аян Бахиянов, балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
Балық шаруашылығы айдындарынан мұз кеткеннен кейін осы ауларды қолдануға эксперимент жасауды жоспарлап отырмыз. 
Балқаштық балықшылардың бастамасын өзге өңірлердегі тұрғындар да қолдаған. Олар өздері қойған талаптар ескеріліп, заңдастырылғанын қалайды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу