Киевте мектептер оқушыларға қашықтан білім беру үшін қайта ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте мектептер оқушыларға қашықтан білім беру үшін қайта ашылады

28.03.2022

Украинада бүгін гуманитарлық дәліздер ашылмайды. Мұны осы елдің үкіметі мәлімдеді. Айтуынша, Украина барлаушылары Ресей әскері жағынан қандай да бір арандатушылық әрекет болуы мүмкін деген ақпаратқа қол жеткізген. Осыған орай тұрғындар Мариуполь, Сумы қалалары мен Киев сыртындағы қалашықтар мен елдімекендердегі қауіпсіз дәліздер арқылы эвакуацияланбайды.

Ал Киевте бүгіннен бастап мектептер оқушыларға қашықтан білім беру үшін қайта ашылады. Балалар жеңілдетілген бағдарламамен оқиды. Украина бас прокуратурасының мәліметінше, Ресей әскері басып кіргелі, елде 143 бала қаза тауып, 216-сы жараланған. БҰҰ болса, украиналық балалардың тең жартысы әскери қақтығыс салдарынан босқынға айналғанын мәлімдеп отыр. Аталған ұйымның тағы бір дерегіне сай, Украинада 1100 бейбіт тұрғын қаза тауып, 10 миллионнан астам адам босқынға айналған.

Әлемнің бірқатар елінде Украинаны қолдауға арналған акция өтті. Ұлыбритания, АҚШ, Испания, Португалия, Чехия тәрізді елдерде ұйымдастырылған шеруге мыңдаған адам қатысты.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу