Рамазан айында азық-түлік бағасын арзандатқан абзал. Бүгін бас мүфти Оразаға дайындық барысын таныстырды. Бастысы жақсылық жасауға жарысып, мол сауап жинауға асығуға шақырды.
Айлардың сұлтаны – Рамазанмен қауышуға 4 күн қалды. Биыл Ораза толық 30 күн. Ауыз бекіту - бес парыздың бірі. Оны орындау бәлиғат жасына толған әр-бір жанға міндет. Бірақ, кей жағдайда жеңілдікте жасалған.
Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің. Бас мүфти кәсіпкерлерді жомарттық пен мәрттікке шақырды. Қасиетті айда әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасын кемі 10 пайызға дейін арзандатуды сұрады. Діни басқарма да өз тарапынан «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны» және «Рамазаннан тәбәрік» атты шаралар өткізіп, қамкөңіл жандардың жанынан табылмақ. Жарапазан айтудан жарыс та жоспарланып отыр.
Ал, Қадір түні 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түні болады. Ораза айт болса, екінші мамырға келіп тұр. Биыл пітір садақа мөлшері - 500 теңге.
Жамағат мешіттерде тарауық намазын оқи алады. Егер діни сауалдар туындаса, мүфтият жанынан ақпарат беру орталығы ашылды. Байланыс нөмірі: 33-30-30.
Тіршіліктің құлшылықсыз құны жоқ. Олай болса мұсылман үмбеті үшін Оразаның орны бөлек. Рамазан – тәрбие айы. Сондықтан бойдағы жаман әдет пен жағымсыз мінезден арылуға мүмкіндік мол. Бұдан бөлек мейірім мен кешірімге әрі сауапқа толы мерзім. Демек қал-қадірінше қайырымдылық жасау маңызды. Қапы қалмай, қарекет еткен абзал.
Нысаналы Ығыл