АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері

07.07.2014
АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері

Маусымның 27-і мен шілденің 4-і аралығында америкалықтар қазақтың ұлттық өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Қазақстанның мәдениет күндері аясында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен Байқадамов атындағы Қазақ Мемлекеттік капелла хоры Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында концерт берді. Классикалық өнер майталмандарының орындауындағы туындылар америкалықтардың жоғары бағасына ие болды.

Нью Йорк. Манхэттан. Карнеги холл. Әлем астанасының ең әйгілі сахнасында қазақтың ән-жыры әуеледі. Өнер ұжымын бастап барған ҚР Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаевтың айтуынша, бұл шара қос елдің арасындағы мәдени-ақпараттық кеңістікті нығайтуға зор үлес қосады. Кешті тамашалауға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы да келді.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

Қазақстаннан келген «Мәңгі даланың таңғажайып әуендері» атты концерттен шынайы ләззат алдым. Қазақстанға жиі барып тұратындықтан, елін де, халқын да сүйемін. Ал бұл шара Қазақстан мен Құрама Штаттарының және Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністікті, достықты жақсартатынына сенімдімін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазақ халқы, қазақ Үкіметі одан әрі гүлдене береріне, халықтар арасындағы гармония, бейбітшілік пен келісім орнатуға сүбелі үлесін қоса береріне сенімдімін.

Қазақ фольклоры мен батыс классикасының үйлесімі. Концертті дәл осылайша сипаттауға болады. Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Адай» күйі көрермендердің делебесін қоздырса, домбыра мен қобыз үні қосылған Вивальдидің «Қысы», Андерсонның «Фиддл, Фэддл» шығармасы таң-тамаша етті.

Ал халықаралық байқаулардың лауреаты Еділ Құсайынов көрермендерге «Бабалар сазын» ұсынып, саз сырнай, шаң қобыз, сыбызғы, қыл қобыз аспаптарымен таныстырды.

Еліміздің беткеұстар баритондары - Талғат Мұсабаев, Айдос Жабағин, Тайыр Тәжіғұловтар және халқымыздың жарық жұлдыздары, қос сопрано - Майра Мұхамедқызы мен Нұржамал Үсенбаеваның орындаушылық қабілеті көрерменді немқұрайлы қалдырмады. 

Майкл, көрермен: 

Мен өзім үшін бұрын-соңды білмей келген аспаптарды аштым. Музыканттардың шеберлігіне тәнті болдым.

Пол Уиллиамсон, көрермен: 

Мені ерекше толғандырғаны - қызғылт көйлектегі сұлу әнші. Екі сағатқа созылған концерттің соңына қарай шығып, ұмытылмас әсер қалдырды. Сіздер қайда жүрсеңіздер де, осындай супержұлдызымыз бар деп, мақтан тұтып жүріңіздер дегім келеді.

Дәл осы концерттік бағдарлама Америка астанасы Вашингтон көрермендеріне де ұсынылды. Кеш Джон Кеннеди атындағы өнер орталығында өтті. Айтпақшы, көрерменіміз атап өткен «Қызғылт көйлектегі сұлу әншіге» бұл сахна таңсық емес.

Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі: 

Мен өте қуаныштымын, өте бақыттымын. Бүгін міне, бүкіл әлемді өзіне қаратқан, Американың жүрегі Вашингтонда, осындай үлкен Кеннеди орталығында өнерімізді паш еттік. 2005 жылы бұл концерт залы болса, оның жанындағы опера театрында мен өзімнің өнерімді көрсеткен едім. Екі ай бойы осы жерде жұмыс істедім. Сондықтан мен үшін бүгін керемет күн.

Диана Ахметжан, тілші: 

Өздеріңіз байқағандай, америкалықтар қазақ өнерін жоғары бағалады. Бірақ Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері мұнымен аяқталмайды. Алда «Астана Опера» және Астана балет театрларының әртістері келеді деп күтілуде.  

Диана АХМЕТЖАН

Хабарламаларға жазылу