Атырау облысындағы жалғыз мона қала - Құлсары тозып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы жалғыз мона қала - Құлсары тозып барады

28.03.2022

Атырау облысындағы жалғыз мона қала - Құлсары тозып барады. Шағын шаһардың шешілмеген мәселесі көп. Тұрғын үйлердің 80 пайызы ескірген. Ал, пандемия тұсында құрылысы басталған модульдік аурухана әлі күнге дейін тапсырылған жоқ. Өңірдегі әріптесім Жандос Темірғали Құлсарыға арнайы барды.

Мұнайлы ауданда орналасқан Моно қалада қазір 4 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Баспана құрылысы баяу. Соңғы 30 жылда тек 5 үй ғана пайдалануға берілді. Араға уақыт салып, 2019 жылы 300 пәтерлік 3 әлеуметтік үйдің құрылысы басталған еді. Бірақ уақытында аяқталмады. Мердегір шикілік жіберіп, су қазанын салмаған.

Қуаныш Нұрғалиев, құрылыс учаскесінің басшысы:

Проблемалар бар. Енді қазір қосымша резервуарлар қондырылады. Себебі бесінші этажға су көтерілмей қалуы мүмкін. Ол да жұмысты ұстап тұр.

Құлсары қазір тозығы жеткен үйлермен құлазып ақ тұр. Шаһарда әбден ескірген 123 баспана бар. Дені елуінші жылдары салынған. Бас-аяғы 226 көпқабатты үй терможаңғыртуды қажет етеді. Құлағалы тұрған 34 апатты үйде шарасыз жұрт әлі де өмір сүріп жатыр.

Алма Мұшақұлова, Құлсары қаласының тұрғыны:

Мына жоғарыдағы үйлерге тіпті обал. Төбесінен су саулайды. Оны әкімге де айттық, талай арыз жаздық. Ремонт еш уақытта жасалмаған.

Коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін салынған модульді аурухана да әлі пайдалануға берілмеді. 200 орынға шақталған емдеу мекемесі 2020 жылы ашылуы тиіс еді. Алайда, індет күшейген тұста құрылысы бітпеген нысанға науқастарды жатқызуға тура келді.

Ғалия Табылдиева, Жылыой аудандық ауруханасының бөлім басшысы:

Амалсыздан кіргіздік. Аурухана толықтай бітпегенменен жалпы қажет бөлімдері бізге бітіп тұрды. Осы жерден 1002 науқас емделіп шықты.

Жандос Темірғали, тілші:

Өткен жылы тапсырылуы тиіс 75 орынға арналған аудандық аурухананың құрылысы да кешеуілдеп жатыр. Қазір мұндағы жұмыстар 43 пайызға аяқталған. Әлі атқарылатын шаруа көп. Жауаптылар маусым айында аяқтаймыз деп отыр. Оның өзі нақты емес.

Қаланың сәулетінен де көрік кеткен. Ескерткіштер көнеріп, көмескіленіп барады. Ғимараттардың да сыртқы сылағы да сыпырылап түсіп жатыр. Сұрғылт тартқан шаһардың тұрғындары түзу жолға да жарымай келеді. Аудан әкімі құрылыстың тоқтап тұрғанын қымбатшылықпен байланыстырады.

Халел Жамалов, Жылыой ауданының әкімі:

Жыл сайын инфляция жүріп жатыр. Құрылыс материалдары қымбаттап кетеді. Қазірдің өзінде қараңыз, 2021 жылы жасалған проектілеріміздің өзі бірден екі коефицентке арзансып кетті. Мекемелер сыймайды. Содан тұрады тендер өтпей.

Жергілікті атқамінерлердің сөзінше, 300 пәтерлік 3 әлеуметтік үй сәуір айында тапсырылады. Ал, модульді аурухананың құжаттары түгенделген соң, жуырда ресми ашылмақ. Сондай-ақ, апатты 7 үйдің тұрғындары үшін демеушілер есебінен жаңа баспана салынып жатыр. Биыл беріледі деген жоспар бар.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу