Украинадан тағы 53 қазақстандық эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан тағы 53 қазақстандық эвакуацияланды

29.03.2022

Украинадан эвакуацияланған жетінші репатриациялық рейс кеше түнде Алматы әуежайына қонды. Бортта болған 53 жолаушының арасында Украина азаматтары да бар. Оларды жақындарымен бірге арна тілшісі Нұрсұлтан Тілектесов те қарсы алған еді. 

 Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:
Кеше түнгі сағат 03:00-де бортында 53 жолаушысы бар ұшақ Алматы әуежайына келіп қонды. Елге жеткізілгендердің арасында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бар. Отанға оралған азаматтармен тілдескен едік олардың сөзінше, қазір Украинада жағдай қиындаған. 
Алена Силенко:
Жақсы жеттік. Жағдайымызды жасаған Қазақстан елшілігі мен Отанға оралуымызға қолғабыс еткен Президентке алғыс айтамын. Украинада жағдай мүшкіл. Адамдар үйлерін тастап босып кеткен. Кейбіреулер метростанцияларында түнеп, оқ, зымырандардан тығылып пана іздеп жүр.
Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:
Елге жеткізілгендерді Алматы қаласы әкімдігі мен волонтерлер қонақ үйлерге орналастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Жалпы бүгінге дейін 900 отандасымыз бен 49 қазақстандық жүк көлігі Украина аумағынан шығарылды. Елге аман-есен оралған азаматтар мен олардың жақындары бүгінде Президентке ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар жолдап жатыр.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу