Сағыз ауылындағы тасқын: Қауіп сейілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сағыз ауылындағы тасқын: Қауіп сейілді

31.03.2022

Атырау облысындағы Ноғайты өзені бір тәулікте екі рет тасып елді әбігерге салды. Екпіні қатты қызыл су 8 мың халқы бар Сағыз ауылындағы сай-саланы түгелдей дерлік басып қалды. Қазір қауіп сейілді. Оқиға орнында арнайы штаб жұмыс істеп жатыр.

Дабыл тыныш жатқан Сағыз жұртын өре түрегелтті. Ақтөбе жақтан келген су Ноғайтының арнасынан асып, тасқын қаупін тудырды. Ауылды көктей өтетін өзен бұрын соңды мұндай тентек мінез көрсетпеген.

Ентелеп келген қызыл су жиырмадан астам үйге қауіп төндірді. Бастапқыда эвакуация жұмыстары жүргізілген. Бірақ, арада 1-2 сағат өткенде, тұрғындар үйіне кері қайтарылды. Зардап шеккендер мен бүлінген нысан жоқ.

Ахат Бөлекбайұлы, Сағыз ауылының тұрғыны:

Жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Күреу, сай жағаларын қапшықпенен топырақ салып, дер кезінде жұмыс істеп жатқан ауылдықтарға алғысым шексіз. Аздап мына мостыларымыз қисайып қалды. Рет ретімен жөнделеді деген ойдамыз.

Бас-аяғы 200-ден астам адам ауыл ішіндегі 10 шақты нүктеге бөгет орнатып, табиғи апаттың алдын алды. 20 техника тартылды. Қазір өзен арнасы екі метрге дейін төмендеп, жағдай реттелді. Сағыз елді мекенінде аудан әкімі бастаған арнайы штаб жұмыс істеп жатыр.

Айдулат Кенжебеков, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

Ешқандай үйлер және қоралар суға кеткен жоқ. Барлық алдын алу жұмыстары жүргізілді. Ауылға ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Техникалар әлі де жұмыс істеп жатыр.

Жыл басталғалы Ноғайты осымен үшінші рет тасыды. Өткен жылы да өзен арнасына сыймай, жол құрылысы үшін уақытша салынған көпірді шайып кеткен еді.

Жандос Темірғали, тілші:

Жалпы өңірде 513 км-ді құрайтын топырақты бөгет бар. Оның 181 км-і жөндеуді қажет етіп тұр. Қазір Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, су тасу қаупі бар Қиғаш өзеніндегі 7 км жерге бөгет салу үшін жобалық құжаттар жасалуда.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу