Атыраудағы мал қырғыны: Сынамадан қауіпті ауру анықталмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы мал қырғыны: Сынамадан қауіпті ауру анықталмады

31.03.2022

Атырау облысында мал қырылып жатыр. Белгісіз індетке шалдыққан жылқылар артқы аяғын баса алмай бірден құлайтын көрінеді. Кейін ауа жетпей тұншығып өледі.

Жағдай әсіресе Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет, Индер аудандарындағы малшыларды алаңдатып отыр. Шаруалар ауырған төрт түліктің аузы көбіктеніп, мұрнынан су ағып, жем-шөп жемей жатып қалып жатыр,- дейді. Мал иелері мұның не ауру екенін біле алмай дал. Жергілікті ветеринарлар қолдан келгенше ем-дом жүргізген. Бірақ одан да нәтиже болмапты. Қазір қанша малдың өлгені туралы нақты дерек жоқ. Жауаптылардың сөзінше, өңірге бүгін Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мамандары арнайы барып, үш күн бойы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жауапты басқарма, алғашқы сынамадан қауіпті ауру анықталмағанын айтады.

Азамат Айтқалиев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Осы зерттеу қорытындысымен ол сынамалардан жануарлардан аса қауіпті аурулар анықталған жоқ. Және қосымша паразитарлық ауруларға күдік тууына байланысты осы ауруды анықтау үшін облыстық ветеринарлық зертханаға сынама жолданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақта орын алған жағдай бақылауда деп отыр. Ведомство жылқыларда инфекциялық ауру белгілерінің табылмағанын растады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, Құрманғазы ауданында 9, Исатай ауданында 17 бас жылқы індетке шалдыққан. Кеше олардың төртеуі өліп қалған.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу