«Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстік өңірден Солтүстік Қазақстанға қоныс аударған кәсіпкер бизнесін дамыта алмай, шығынға батты. Мемлекеттен грант алып, оның талаптарын толық орындай алмаған тұрғын демеу қаржыны енді кері қайтаруы тиіс.
Сарыағаштан 5 жыл бұрын көшіп келген отбасы жұмыс болмаған соң, өз қаржысына монша салған. Айына орта есеппен 100 адамды қабылдайды. Алайда шығынды жабу үшін бұл аз.
Кәсіпкердің айтуынша, сұранысты арттыруға пандемия кедергі. Сондықтан бизнес-жоспарындағы 2 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болмапты. Қалғаны талапқа сай, моншаға қажетті қондырғылар мен жиһазды сатып алған.
Нұржан Садықов, облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
2 жұмыс орны ашылмаған. Кәсіпкер 2 млн 300 мың теңге көлеміндегі грантқа толық есеп бере алмады. Оған қаражатты қайтаруға уақыт берілді. Бірақ талап орындалмағандықтан, біз сотқа арыздандық.
Кәсіпкер сотта да құқын қорай алмай отырғанын айтады. Өйткені шағымданушы тарап әкімдік процестің ресми тілде өтуін сұраған.
Ғани Жүсіпеков, кәсіпкер:
Бизнес-жоспарда көрсетілгеннің барлығы алынған. Екінші рет комиссия жіберіп, жағдайдың ақ-қарасын анықтауын сұраймын. Сот екі рет шегерілді, аудармашы табылмай отыр. Мен оларға орыс тілін түсінбеймін деп айттым.
Төрт жылда «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстік аймақтарға 9 700 отбасы көшірілді. Алайда қоныс аударғандардың 250-і кері кетіп қалған. Айтуларынша, басты себеп – жалақының аздығы мен жұмыстың жоқтығы.
Назерке Тасқұлова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
4 022 адам – еңбекке қабілетті жаста. Соның ішінде 3 223-і еңбекпен қамтамасыз етілді. Қажет жағдайда кәсіптік оқытуға жіберіледі. Қоныс аударушыларға осы жылдар аралығында 250 млн теңгеге гранттар мен несиелер берілген болатын.
Мемлекеттік бағдарлама биыл аяқталғанымен, көш жалғасады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстанға 2,5 мың адам көшіп келуі тиіс. Жергілікті билік оларды жұмыспен қамтамасыз ете аламыз деп сендіріп отыр.
Эльмира Кәленова