Шығыста қалың қардың көбесі енді сөгіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыста қалың қардың көбесі енді сөгіле бастады

01.04.2022

108 елдімекенге тасқын қаупі төніп тұр

Шығыста қалың қардың көбесі енді сөгіле бастады. Алдағы үш тәулікте аймақтағы оңтүстік аудандарда ауа температурасы 16 градусқа дейін жылынбақ. Сондықтан, өңірде 108 елдімекенді су алуы мүмкін. Бұл ауылдарда қазір 8 мыңға жуық адам тұрады. Әсіресе Қатонқарағай, Алтай, Шемонайха, Көкпекті, аудандарында жағдай қиын. Қазірдің өзінде Глубокое ауданына қарасты Прапорщикова ауылындағы жылыжайды су басты. Кәсіпкердің қаңтар айынан бергі еңбегі еш кетті. Әрқайсы 500 шаршы метр болатын үш жылыжай көлкіген суда тұр.

Наталья Ивашкина, кәсіпкер:

Біз өнімді ешқандай қоспасыз өсіреміз. Өскемендегі мейрамханалар тапсырыс беріп күтіп отыр еді. Өнімді жылда Нұр-Сұлтан қаласына да жіберетінбіз. Енді қайтерімізді білмеймін. Жылыжайдың іші 1-2 айсыз құрғамайды.

Ерлан Жұмағұлов, «Ертіс» ауылдық округінің әкімі:

Инертті материал әкеліп жатырмыз. Эксковатормен жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін-ертең су кетеді деп ойлаймын. Ең бастысы үйге су кіргізіп жатқан жоқпыз.

11 үй судан тазартылды

Төте жолды су шайып кетті

Павлодар облысы, Рождественка ауылындағы қарғын су басқан үйлер тазартылып жатыр. Күрт еріген қар 30 үйдің ауласын басып, баспана ішіне дейін лықып кірген ед. Қазір 11 үй тазартылды. Екі отбасы үйлері тұруға жарамсыз болғандықтан туыстарыныкіне көшірілді. Апат аумағына облыстық төтенше жағдайлар департаментінен қосымша техника мен мамандар келді. Дәл қазіргі уақытта ағынды судың бағыты ауыл ішінен басқа жаққа бұрылды. Алдағы демалыс күндері аймақта ауа райы күрт жылиды. Мәселен, бүгін Екібастұз-Майкөбе бағытындағы көмір кенішіне баратын төте жолды қар суы шайып кетті. Көліктер айналма жолмен қатынауда. 

  

Хабарламаларға жазылу