Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтың деңгейге көтеретін «Ұлттық құрылтай» дала демократиясы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтың деңгейге көтеретін «Ұлттық құрылтай» дала демократиясы

01.04.2022

Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтың деңгейге көтеретін «Ұлттық құрылтай» дала демократиясының дәстүрін жаңғыртып, келелі мәселелердің шешілуіне ұйытқы болмақ. Осыдан төрт ғасыр бұрын Ордабасы тауындағы құрылтай исі қазақты ұйыстырып, жүрекке жігер, бойға өршіл рух сіңірген болатын. Жаңа құрылым осы ізбен елді біріктіретін диалог алаңына айналмақ.

Ордабасы тауындағы ең көне тарихи орындардың бірі - сақ қорғандары. Бұл жерде 4-6 ғасырларда өмір сүрген 300-ге жуық сақ билеушілерінің сүйегі жатыр. Құрылтайға жиналған қазақ батырлары бабалар рухына тағзым етіп, осы жерден жауға қарсы аттан салған.

1726 жылы үш жүздің басын қосқан ұлы жиын ерді ерлікке, елді елдікке бастады. Осы бірігудің арқасында қазақ жасағы Бұланты мен Білеуті өзенінің жағасында жауға ойсырата соққы берді. Бұл тарихта «Қалмаққырылған» деген атпен қалды.

Омар Мақсым, тарихшы:

Басы Әбілқайырды осы жерде бас ардар жасап, бүкіл жауынгерлер келіп ары қарай Балқаш, Аңырақай шайқасына дейін барып жоңғарларды жеңген.

Сол кезеңнен бері қазақ туын желбіретіп тұрған «Бірлік» төбе ынтымақтың символы. Оның биіктігі 530 метр. Күн райы тынық кезде төңіректегі 100 шақырымға дейінгі жер көзге шалынады.

Ғалымжан Шеңгелов, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының саяхат жетекшісі:

 Әр елден, батысымыз, шығысымыз, оңтүстіктен, солтүстіктен келген әрбір сарбаздың қалта түбінде, қоржын түбінде келген бір уыс топырақтан жиналған бірлік төбеміз. Қазақтың түп ұйытқысы болсын деп қойылған.

Бірлікке бастау болған Ордабасыда Тәуелсіздік жылдарында да талай тағылымды шаралар өтті. 1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттінің басшылары бас қосып, бауырластығын бекемдеді. 20 елдің делегациясы мен 150 мың адам қатысқан басқосу бірлікке үндеген маңызды жиын болды. Ал осыдан үш жыл бұрын тарихи орын мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған озық ойлы түлектердің басын қосты.

Баходир Исматов, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының директоры:

Ордабасы деген атаудың өзі ордалы ел дейді. Осы тарихтың арқасында қазіргі жан жақтағы бауырлас елдермен ынтымағыз артып, жастарымыздың өзіне үлкен өнеге, мәнісі бар деп ойлаймын.

Жаңадан құрылатын ұлттық құрылтай қоғамдық кеңестерді бір ортаға топтастырады. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері кіреді. Сан түрлі пікір иелері билік пен халық арасындағы дәнекер қызметін атқармақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу