Экологтар Ертіс өзенін тексереді. Себебі өзенге кен тиелген вагондар құлап кеткен болатын. Сарапшылар улы зат түскен-түспегенін анықтау үшін судан сынамалар алды. Өйткені өзенге мырыш, қорғасын, мыс қоспасы сияқты ауыр металдар тарауы мүмкін. Сондықтан судың химиялық құрамына зерттеулер жүргізіледі.
Естеріңізге салайық, 2 күн бұрын Шығыс Қазақстан облысында жүк пойызы рельстен шығып кеткен еді. Жергілікті тұрғындар бірнеше вагонның Ертіс өзеніне құлағанын айтты. Ресми ақпарат бойынша, оқиға Өскемен - Күмістау учаскесінде болған. 18 вагон рельстен шыққан. Оның екеуіне руда тиелген, Ресейдің меншігі екені анықталды. 16 вагон «ҚазцинкТемірТранс» компаниясына тиесілі. Көз жұмғандар мен зардап шеккендер жоқ. Әрі бұл оқиға пойыздардың қозғалысына әсер етпеген. Оқиғаның себеп-салдарын тексеріп анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.