Өңірлерді дамытуға 476 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерді дамытуға 476 млрд теңге бөлінеді

05.04.2022

Халықтың табысын арттыруға 197 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды. Республикалық бюджетті және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті нақтылау мәселесі де қаралды.

Дарын Сағитов, тілші:
2022 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мен макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығындар ескеріліп отыр. Әлемдік саяси-экономикалық ахуал да назардан тыс қалмады. Бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат та есептелді. Азаматтардың табысын арттыруға 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Жастарды қолдау, бизнес ашамын деушілерге шағын несие беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау секілді қолдау түрлері бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 238 млрд теңге жұмсалады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде және уақытылы орындайды. Сондай-ақ қазіргі жағдайда экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Республикалық бюджет жобасы бірінші кезекте осыған бағытталып отыр. Бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферт мөлшеріне түзету енгізілетін болады.

Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау, көктемгі егіс пен жиын-терім науқанына жеңілдетілген несие көлемін ұлғайтуға жұмсалады. «Ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да мәселелерді шешу назардан тыс қалмайды», – деді Қаржы министрі.

Айта кетерлігі, өңірлерді дамытуға 476 млрд теңге бөлінеді. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мен түрлі бағдарламаға Ұлттық қордан да қосымша қаржы бөлінбек.


Хабарламаларға жазылу