Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданында былтыр ғана жөндеуден өткен ауыл мектебінің төбесі опырылып түсті. Оны жаңалауға бюджеттен 12 млн теңге жұмсалған. Тап сол сәтте оқушылар ғимаратта болмапты. Зардап шеккендер жоқ. Қазір Тоқшын мектеп-гимназиясының оқушылары қашықтан білім алу форматына ауыстырылды.
Ғимарат төбесінің құлаған сәті бейне бақылау камерасына жазылып қалған. Мектепке жапсарлас орналасқан акт залы қас-қағым сәтте үйіндіге айналды.
Рүстем Исин, Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі:
Биылғы көктемде қайрадан су өткізе бастағаны байқалды. Кеше, сәуірдің 4-і күні төбесі опырылып құлап, осындай жағдайға келіп отырмыз.
Мектеп 1965 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бірнеше жыл бойы төбеден сорғалаған суға алып плиталар шыдас бермепті. Бетон плиталардың 140 шаршы метрі құлаған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Мектепте 300-ге жуық шәкірт бар. Кабинет саны жетпегендіктен 6 сынып оқушылары дәл осы, акт залында оқып келген. Апат кезінде ғимаратта ешкімнің болмағаны қуантады.
Жөндеу жүргізген мердігер мен аудандық білім бөлімінің салғырттығы адам өліміне әкеле жаздады, дейді тұрғындар. Дегенмен, апаттың себебін арнайы комиссия анықтайды. Тиісті сараптама тағайындалды. Жағдайды облыстық прокуратура бақылағуға алды.
Күлшара Хамидуллина, мектеп директоры:
Сабақ болып жатқанда сылақ үгіліп түскен. Үзілісте балаларды шығарып, акт залын жауып қойдық. Төбе осылай құлайды деп ойлаған жоқпыз. Ешқандай белгі байқалмады.
Биыл жазда мектептің төбесін тағы да жаңалау жоспарланған. Күрделі жөндеуге қазынадан 144 млн теңге бөлінді. Енді жобалық-сметалақ құжаттар қайта қарауды талап етеді. Айта кетейік, өңірде апатты деп танылған 3 мектеп бар.
Эльмира Кәленова