Еуропаның бірқатар елі ресейлік дипломаттарды өз аумағынан шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаның бірқатар елі ресейлік дипломаттарды өз аумағынан шығарды

05.04.2022

Жаһандағы жағдайға тоқталсақ. Еуропаның бірқатар елі ресейлік дипломаттарды өз аумағынан шығарды. Германия мен Франция алғаш болып қабылдаған бұл қадамға Литва, Италия, Швеция мен Дания қосылды. Аталған мемлекеттер Украинаның Буча қаласында бейбіт тұрғындарға қарсы қатыгездіктің жасалуына наразы.

Бучадағы ахуалға наразы. Еуропаның бірнеше елі ресейлік дипломаттарды шығарды

Дегенмен Мәскеу Бучада қарапайым адамдардың қырылуына ресей әскерінің қатысы жоқ деп мәлімдеді. Кремль өкілі Песков "Ресейге қарсы тағылған айып - жақсы жоспарланған трагедиялық шоу", - деді.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский Бучадағы болған оқиғаны геноцид деп атап, оған жауаптылар жазаға тартылуы керек деп мәлімдеді. Зеленский бұл трагедиядан кейін де Ресеймен арадағы келіссөзді жалғастыру қажеттігін алға тартты.

Ресей тактикасын өзгертуді жоспарлап отыр

Соңғы деректерге сай, Ресей Украинадағы тактикасын өзгертіп, ондаған мың жауынгерін елдің оңтүстігі мен шығысына көшіруді жоспарлап отырған тәрізді. Мұны АҚШ президенті Джо Байденнің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мәлімдеді. «Бұл өзгерістің мақсаты – Украина армиясын қоршап алып, оған тойтарыс беру", - дейді Салливан.

Осыған дейін Ресей қорғаныс министрлігі енді бар күшін Донбассты «азат етуге» жұмсайтынын жариялағаны белгілі.

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Ресей қарулы күштері Луганск және Донецк облыстарын ғана емес, Қырымды үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін Херсонды да алуды көздеп отырған сияқты.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу