Зеленский Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зеленский Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйледі

06.04.2022

Украина президенті Владимир Зеленский елінде әскери қақтығыс басталғалы алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйледі. Оның пікірінше, ұйым өзінің негізгі функциясын орындай алған жоқ. Сол себепті оны реформалап, Ресейді басқыншы ел ретінде Қауіпсіздік Кеңесінен шығару қажет деп мәлімдеді. Зеленский Мәскеуді шекараны бұзды, қасақана соғыс бастады, ұлт араздығын қоздырды деп айыптады. Осы отырыста сөз сөйлеген Ресей өкілі Василий Небензя Зеленскийдің мәлімдемесін жоққа шығарды. Дипломат Ресей Украинаны басып алуды емес, бейбітшілік әкелуді көздейтінін мәлімдеді.

Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды күшейтетінін жариялады. Еуропа Ресейден көмір, ағаш, химикаттар мен құны 9 млрд еуро болатын басқа да өнімдерді импорттаудан бас тартпақ. Бұған қоса, ресейлік кемелер мен жүк көліктеріне ЕуроОдақ елдеріне тиесілі порттарды пайдалануға тыйым салынбақ. Ал АҚШ Ресейге жаңа инвестициялар салуға тыйым салып, осы елдің қаржы институттарына, Кремль өкілдері мен олардың отбасы мүшелеріне санкцияларды күшейтеді. Бұған қоса, АҚШ Украинаға 100 млн доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді. Оның аясында Киевке танкіге қарсы зымыран кешені жіберіледі. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу