Кадр тапшы: Жол құрылысы саласындағы мамандар қайта оқытылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кадр тапшы: Жол құрылысы саласындағы мамандар қайта оқытылады

07.04.2022

Қазақстанда салынатын жолдардың сапасы сын көтермейді. Бұған тапсырыс беру мен техникалық бақылау шараларының тиісті деңгейде атқарылмауы себеп дейді мамандар. Салдарынан былтыр 24 тиісті мекеме лицензиясынан айырылған. Биыл жол сапасын бақылау саласының қызметкерлері қайта оқытылмақ. Ол үшін арнайы семинар ұйымдастырылады.

Бұл қаланың шеткі аудандарында тұратын тұрғындардың жанайқайы. Олардың сөзінше, төселетін асфальттің сапасы сын көтермейді. Жыл сайын жаңа жол салынса да, ұзаққа бармайтын көрінеді. Бұған себеп жолға жауапты мамандардың салғырттығы мен кәсіби деңгейінің төмендігі. Өйткені, аталған салада жұмыс істейтін қызметкерлердің басым бөлігінің арнайы білімі жоқ, -дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы.

Арман Қайырбеков, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы директорының орынбасары: 
Президент жол салғанда санға емес, сапаға мән беруді тапсырды. Біз сараптама жасадық. Жергілікті жолдарда 1500 адам жұмыс істейді. Бірақ солардың 190-ның ғана дипломдары бар.

Жол сапасын бақылау мекемелеріне арнайы білімі жоқ азаматтар амалсыздан қабылданады. Себебі, бұл салада кадр тапшы. Енді арнайы семинар ұйымдастырылып, мамандар қайта оқытылмақ. Жыл басынан Алматы облысында 80 жол учаскесі тексеріліп, 140-қа жуық ақау табылған.

Мәулен Әліпов, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Алматы облыстық филиалы директорының м.а.: 
Жобалау институттары қателіктер жіберіп жатады. Конкурстар өткен кезде мердігер компаниялар бағасын төмен беріп, ұтып алады. Содан кейін материалдан үнемдей бастайды. Одан кейін техеникалық бақылау қызметі өзінің жұмысын толық атқармаған жағдайлар болады. Салдарынан жолдардың сапасы төмен болып жатады.

Былтыр жұмысын тиісті деңгейде атқармаған 24 техникалық қадағалау мекемесінің лицензиясы алынып, 40 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұдан былай жол құрылысы саласында тексеріс, қадағалау қатаңдатылады.

Нұрсұлтан Тілектесов

Хабарламаларға жазылу