Украинада 4 мыңнан астам әскери қылмыс тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада 4 мыңнан астам әскери қылмыс тексеріліп жатыр

07.04.2022

Украинада 4 мыңнан астам әскери қылмыс тексеріліп жатыр. Елдің бас прокуроры Ирина Венедиктова Украина аумағында жасалған адамзатқа қарсы қылмыс, басқыншылық және геноцид үшін әділдік іздейтінін мәлімдеді. Апта басында АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинді Бучадағы бейбіт тұрғындардың қазасы үшін жауапқа тартуға шақырған еді. Мәскеу болса, бұл қырғынға Ресей күштерінің қатысы жоқ деп мәлімдеп, өзіне қарсы айыптарды жоққа шығарды.

Қазір Украина армиясы елдің индустриалдық шығысы – Донбасста шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр. Сол үшін жергілікті үкімет Луганск, Донецк облыстарының тұрғындарын уақыт оздырмай тезірек көшуге шақырды. Президент Владимир Зеленский ескерткендей, Ресей әскері шығыста қайта топтасып, шабуылға дайындалып жатыр. АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мәскеу Украинаның Киев және Чернигов облыстарындағы 24 мың жауынгерін толық әкетіп, оларды Беларуське, Ресейге жіберіп, қайта жабдықтап, жаңадан ұйымдастырып, содан кейін Донбассқа жөнелтпек. Өткен айдың соңында Кремль енді бар күшті Донбассты «азат етуге» жұмылдыратынын жариялаған. Мұндағы Луганск облысының 90 пайызы, Донецкінің жартысынан астамы - Мәскеу мен оған жақтас көтерілісшілер бақылауында.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу