Өз-өзіне қол жұмсау туралы хабар таратуға бұқаралық ақпарат құралдары жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені, қайғылы оқиғаның қай жерде және қалай болғанын егжей-тегжейлі әрі жиі көрсету жағдайдың қайталануына әсер етуі мүмкін. Суицидке қатысты ақпарат берудің негізгі қағидаттары бүгін Елордада өткен жиында айтылды.
2017 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидтің алдын алу бойынша бастамаға ұйытқы болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттан соң тіркелген 100-ден астам өз-өзіне қол жұмсау дерегі зерттелген. Қорытынды біреу. Мұндай қайғылы жағдайлардың жиі көрсетілуі суицидтің көбеюіне әсер етеді. Сондықтан, мәлімет тарату кезінде аса сақ болған жөн.
Ләззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы:
Бұны мүлде айтпаңыздар деп жатқан жоқпыз. Ең маңыздысы, қай түрде елге жеткіземіз. Ол үлгі болмасын, қиналған кезде осылай жасау керек екен деп. Керісінше, осындай жағдай болды, бірақ оның алдын алуға мүмкіндіктер бар болғанын, сол кезде қиналып тұрған азамат осыны оқыған кезде, тоқтау керек.
Суицид саны бойынша әлем елдері ішінде Қазақстан 20-шы орында. Ал жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері жөнінен 10-шы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы осындай. Жалпы, адамның өз өмірін қиюы қоғам дертіне айналып барады. Бұл кеселмен күресу үшін алдымен, бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі жоғаруы болу керек.
Асхат Садырбай, тележурналист:
Жалпы, кез-келген медиа өкілі, тіпті әлеуметтік желіде парақшасы, аудиториясы бар азамат қолына түскен ақпаратты жарияламас бұрын адам өмірінің алдындағы үлкен жауапкершілікті түсініп, білу керек деп ойлаймын. Заман өзгеріп жатыр, уақыт өзгеріп жатыр, көп нәрсе жаңаруда, сондықтан мұндай жағдайларда заң жұмыс істеу керек.
Кездесуге Еуропалық Одақ өкілдері, кәсіби психологтар және халықаралық сарапшылар да қатысып, өздерінің ой-пікірін ортаға салды. Мамандардың пікірінше, суицид туралы хабарды жауапкершілікпен тарату жөніндегі ұсыныстар журналистердің этикалық кодексіне енуі тиіс.
Берік Көшербай