Семейде 3 жыл бұрын ғана қомақты қаржы бөлініп, жаңғыртылған орталық саябақ биыл тағы жөнделетін болды. Жергілікті әкімдік осындай шешім қабылдаған.
Ержан Жақып, тілші:
Семейдегі орталық саябақтың құрлысына 3 жыл бұрын 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Демалыс орнының құрылысы да 2 жылдай уақытқа созылды. Өткен жылы ашылғанмен, ондағы атқарылған жұмысты көрген жұрт наразылықтарын білдірген болатын. Мәселен, қалалықтар саябақ еш талғамсыз жаңартылған деп сын айтқан. Ондағы ағаштар оталып, аяқ астына төселген тақта тастар, қалай болса солай салынған болып шықты. Онымен қатар көптеген жұмыстар аяқсыз шашылып қалған. Әдемілік үшін деп қойылған түрлі констуркцияда ешқандай үйлесімділік болмай шыққан. Ал жұмысты атқарған мердігер компания «құрылысты толыққанды аяқтауға қаржы жетпей қалды», – деп жауап берген. Өткен жылы компания үстінен тексеріс те жүргізілген болатын.
Қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басшылары саябақта аяқсыз қалған жұмыстарды ретке келтіреміз деп отыр. Дұрыс төселмеген тақта тастар қайта салынбақ. Су жүйесін орнату, жарықтандыру сынды жұмыстар атқарылмақ. Бір айта кетерлігі, қайта жөндеумен осыған дейін жұмысын шалағай атқарған мердігер компания шұғылданатыны да белгілі болып отыр. «Бірақ бұл жолы қомақты қаржы бөлінбейді», – дейді мамандар.
Ержан Жақып