Ұлыбританияда коронавирус инфекциясымен ауруханаға түскендердің саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда коронавирус инфекциясымен ауруханаға түскендердің саны артып келеді

08.04.2022

Ұлыбританияда ковидке шалдығып, ауруханаға түскендердің саны артып келеді. Әсіресе ересектер арасында індет жұқтырғандар қатары көп.

Марина Бекенова, тілші:
Елде омикрон штамы, оның ішінде «BA.1» және «BA.2» түрлерінің кең тарауы ғалымдардың алаңдаушылығын туғызуда. Зерттеулерге сәйкес, жастар мен балалар арасында ковид жұқтырғандар саны азайғанымен, созылмалы аурулары бар 55-тен асқандар арасында көптеп кездесіп жатыр. Ұлттық статистика басқармасы жүргізген сауалнамаға сәйкес, наурыз айының соңында 5 миллионға жуық адамның коронавирусты жұқтырғаны белгілі болды. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда жарты миллионнан астам адамға көп. Қазір Англия ауруханаларында 20 мыңға жуық науқас жатыр және Ұлттық денсаулық сақтау қызметі мамандарының күші сарқылуға жақын. Олар науқастар нөпіріне төтеп беру үшін бар күш-жігерін салуда.
Джон Кэмпбелл, ғалым:
Қазір індетті жұқтыру жағдайы өте көп. Бұған омикронның 2 жаңа нұсқасы себеп. Ұлттық денсаулық қызметі коронавируспен ауырғандарға арналған палаталарды қайта көбейтіп жатыр. Үкіметтегілер осыны ескере отырып, тиісті шара қолданулары керек деп ойлаймын.

Вирустың таралуы тежелмесе де, үкімет коронавирустық шектеулерді алып тастау жоспарын жалғастыруда. Оның үстіне қазір бұрынғыдай ковидті анықтайтын тегін жедел тесттер халық арасында таратылмайды. Дегенмен пандемияның алдыңғы толқындарымен салыстырғанда ковидтен қайтыс болғандар көрсеткіші төменірек және вакцина салдырғандар үшін омикрон штамы жеңілірек өтіп жатыр. Елде әлсіз топтарға екпенің 4-ші компонентін егу науқаны басталғандықтан кісі өлімі аз болады деген зор үміт бар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу