Украинаның Краматорск қаласының теміржол вокзалына екі зымыран тиіп, ондаған адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Краматорск қаласының теміржол вокзалына екі зымыран тиіп, ондаған адам қаза тапты

08.04.2022

Бүгін Украинаның Краматорск қаласының теміржол вокзалына екі зымыран тиіп, ондаған адам қаза тапты. Осыған байланысты Кремль мәлімдеме жасап, бұл шабуылға Ресей армиясының кінәлі еместігін хабарлады. Есесіне Мәскеу көрші елдегі қарулы қақтығыстар барысында көп адам жоғалтқанын алғаш рет мойындады. Тағы бір айта кететін жайт, қазір екі жақтың әскерлері Донбасс үшін шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр. Осындай шақта НАТО Киевке тағы қару беретінін жариялады.

Краматорск вокзалында 40-қа жуық адам қаза тапты

Ресей армиясы Украинаның Краматорск қаласының теміржол вокзалын 2 зымыранмен атып, 39 адамды мерт қылды. 87-і жараланған. Ресей әскері Донбассты алу үшін жаңа шабуылға әзірленіп жатқандықтан, жергілікті халық қазір пойыздармен басқа өңірлерге кетіп жатыр. Донецк басшылығының хабарлауынша, ракеталар тиген кезде станцияда мыңдаған адам болған. Донбасста қарулы жанжалдар мен бомбалау операциялары күшейіп келе жатса, Украинаның солтүстігі, Киев облысы ресейлік жауынгерлерден босатылып, елді мекендерге тұрғындар орала бастады.

Любовь Хоменко, Андреевка тұрғыны:

Олар осындай істерге барды. Ақылға сыймайды. Тонады, ұрлады, қорқытты, атты. Бұл өтірік емес, бұл - шындық.

Бірер сағат бұрын Мәскеу Краматорсктегі қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, оған Ресейдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Және де Ресей қорғаныс министрлігі ақпанның 24-нен бері Украинада бейбіт халықты нысанаға алмағанын айтты.

Екі жақ шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр

Айта кетсек, Ресей әскері Киевті ала алмай, жақында Украинаның солтүстігінен толық әкетілді. Енді ол Донбасста үлкен шабуылға әзірленіп жатыр. Сондағы мақсаты – Украинаның мыңдаған жауынгерін қоршауға алып, талқандап, Луганкск, Донецк облыстарын түгел алу және Азов теңізі жағалауында Ресей мен Қырымды жалғайтын құрлықтық дәліз ашу. Бұл шешуші шайқаста Украинаны қолдау үшін НАТО Киевке қару беретінін жариялады. Оның қандай арсенал екені әзірге белгісіз.

Йенс Столтенберг, НАТО-ның бас хатшысы:

Әрине, оларға әртүрлі қару қажет және одақтастар сол қарумен қамтамасыз етіп жатыр. Ұрыс алаңында оның әсерін күн сайын көріп отырмыз. Ураиндар Ресей күштерін үлкен шығынға ұшыратып жатыр.

Песков: Операция "таяу болашақта" аяқталуы мүмкін

Жақында Ресей Украинадағы шабуылдардың өздері қалағандай жылдам өрбімегенін мойындады. Ал, бейсенбіде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Британияның «Скай ньюс» арнасына сұқбат беріп, қаза тапқан ресейлік жауынгерлер санының өсіп жатқанына өкініш білдіріп, «Бұл біз үшін үлкен трагедия» деді. Тағы бір сөзінде ол әскери операцияның "таяу болашақта" аяқталуы мүмкін екенін атап өтті. Себебі, Мәскеу Украинада көздеген мақсаттарына жетіп жатыр екен.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу