Украинаның Харковь қаласында бір тәулікте 11 адам қаза тапқан. 14 тұрғын жараланды. Мұны жергілікті әскери әкімшілік жетекшісі мәлімдеді. Олег Синегубов ресейлік күштер бірден іске қосылмай, уақыт өте келе жарылатын миналарды қолданып жатқанын, табылған оқ-дәрілерден абай болуды ескертті. Ресей қорғаныс министрлігі де жаңа дерек келтірді. Бұған сай, армия Украинадағы 78 әскери нысанға соққы берген. Жекелеп айтсақ, Херсон облысында МИ-24 ұшағы атып түсірілсе, тағы бір елді мекенде Украина қарулы күштерінің жөндеу базасы жойылған. Ал Изюм қаласында украиналық екі Су-25 ұшағы жойылды. Дегенмен жоғарыда келтірілген ақпараттарды растау немесе жоққа шығару мүмкін емес. Тағы бір мәлімет. Бүгін Украинаның шығысында тұрғындарды көшіру үшін тоғыз дәліз ашылды. Эвакуация Ресей-Украина өкілдерінің өзара келісімімен жүргізіледі.
Арай Төлегенқызы