Украина: Ресей күштері әскерлер мен бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина: Ресей күштері әскерлер мен бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды

12.04.2022

Украинаның Стратегиялық коммуникациялар басқармасы Ресей күштері Мариупольде Украина әскері мен бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратын фактілер жоқ. Қазір бұл іске қатысты тексеру жүріп жатыр. Ресей әскері Донбасста қайта ұйымдасып, қару-жарақ қорын толтыруға кіріскен. Мұны батыс барлаушылары мәлімдеді. Дегенмен шабуыл бүгін-ертең басталады деген ақпарат жоқ. «BBC»-дің дерегінше, дүйсенбіде Украина қалаларынан 4 354 адам эвакуацияланған. Бұл үшін арнайы 9 гуманитарлық дәліз ашылды. Ресей күштерінен азат етілген қалаларда тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бородянкада үйінді астынан 7 адамның денесі шығарылған. Жалпы құлаған ғимараттар қалдығын тазарту басталғалы бұл қаладан 19 бейбіт тұрғынның денесі табылды.

Ал Ресей Украинамен арадағы бейбіт келіссөздердің келесі раунды кезінде әскери операцияны тоқтатпайды. Сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді. Дипломаттың сөзінше, келіссөздер алға ілгерілеп жатқан жоқ. Сергей Лавров Батыс елдері Ресейді әскери қылмыстар үшін айыптап, келіссөздерге кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді. Сонымен бірге дүйсенбіде Ресей президенті Владимир Путин Австрия канцлері Карл Нехаммермен кездесті. Украина мәселесіне қатысты өткен кездесу 1,5 сағатқа созылды. Келіссөз аяқталғаннан кейін Австрия канцлері баспасөз мәслихатын өткізіп, Путинмен арадағы сұхбат тура, ашық және қатал түрде өткенін мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу