Мәскеуде санкция салдары инфляция деңгейі 16 пайызға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде санкция салдары инфляция деңгейі 16 пайызға жетті

13.04.2022

Ресей экономикасы биыл 11 пайызға дейін қысқарады. Дүниежүзілік банк осылай деп хабарлады. Көрші елде санкциялардың салдарынан инфляция деңгейі 16 пайызға жеткен. 3 миллионға жуық адам жұмыссыз қалған. Үдере көшкендер саны да артты.

Заманның қалпы, базардың нарқы өзгергеннен бері тапқаны талғажау болуға әрең жетіп жүргендердің бірі Вероника Румянцева. Кәсіпкер он жыл бұрын бірнеше ірі дүкен ашыпты, соңғы бір айда банкротқа ұшыраған ол көшеде жеміс-жидек пен көкөніс сатып жүр.

Вероника Румянцева, Кәсіпкер:
Себебі сырттан ештеңе әкеле алмаймыз, бәрі қымбаттады, тіпті кейбір көкөніс бағасы 100 пайызға өскен. Бұрын тұрғындар 1 келі қызанақ алса, қазір екі тал ғана алады, келілеп сатып алатындар некен-саяқ, кәсіпкерлерге көмек көрсетіліп жатқан жоқ.

Александр астың асылын ішіп, аттың арғымағын мінбесе де, дәрі сатып алуды армандайды. Зейнеткер бұл дағдарыс бұрынғылардан да ауыр екенін айтады. Жолдасы екеуі алатын зейнетақы азық-түліктен артылмайды екен.

Александр Вешкурцев, Зейнеткер:
Зейнетақы, айлықты 3-4 есе көтеру керек. Қазір біз тек нан мен макарон өнімдерін ғана сатып алып жүрміз. Өте қиын. 18 мың рубль деген ақша емес қой. Қанша дағдарыс көрдім, бірақ дәл бұлай қиналған жоқпын.

Соңғы айда Ресейде антидепрессанттарға сұраныс төрт есе өскен. Елде өндірілмейтін кейбір дәрі-дәрмек түрлерінің жетіспеушілігі байқалады. Үкімет қор бар екенін айтқан, дегенмен оның қанша уақытқа жететіні белгісіз.

Индира Бегайдар, Тілші:
Қазірдің өзінде Ресей тұрғындары санкциялардың салқынын сезінуде. Азық-түлік 70 пайызға дейін қымбаттады, 300-ден астам шетелдік корпорация кетті, үш миллионға жуық адам жұмыссыз қалды. Еңбек мигранттары да елден кетуге мәжбүр.

Ал қалған мигранттар тапқан ақшасын үйлеріне жібере алмай жүр. Себебі Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылған, шетелден де ақша аудару қиын. «Master card», «Visa» төлем жүйесі қосылған банк карталарынан ақша шешу үшін, басқа мемлекетке бару керек. Ұшақ жетіспегендіктен, әуе билеттерінің бағасы да 90 пайызға дейін өсті.

Владимир Евсеев, Сарапшы:
Биыл Ресей экономикасы 10 пайызға дейін құлдырайды, мойындауымыз керек. Себебі сырттан тауар, шикізат, техника жеткізу үшін логистика бұзылды, төлемдерді өткізуге техникалық мүмкіндік жоқ. Бұл ресейлік бағалы қағаздардың әрі қарай құнсыздануына себеп болып тұр. Ресейге салынған санкциялар тек қысқа қарай жеңілдетілуі мүмкін, оған дейін жағдай оңалмайды.

Санкциялардың салдарымен күрес үшін үкімет жаңа бағдарлама қабылдады. Жұмыссыз қалғандарға несиелік каникул жарияланып, 300 миллиард рубль бөлінді. «Экономикалық тоқыраудан кейін тұрақтандыру процестеріне он жылға дейін уақыт кетеді»,- дейді сарапшылар. Сонымен қатар Ресейді осы жылы терең рецессия күтіп тұрғанын айтады.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу