Шымкент тұрғыны жарты жылдың ішінде 178 рет жол ережесін бұзып, 4,5 млн теңге айыппұл арқалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент тұрғыны жарты жылдың ішінде 178 рет жол ережесін бұзып, 4,5 млн теңге айыппұл арқалады

14.04.2022

Шымкент тұрғыны жарты жылдың ішінде 178 рет жол ережесін бұзған. Оған салынған айыппұл сомасы 4,5 миллион теңге! Шым қалада жүгенсіз жүргізушілердің көп екенін ішкі істер министрі де айтты. Алайда жергілікті полицейлер жол апаттары азайып келеді деп отыр. 

Шымкентке беттеген жолаушылар автобусының алдынан күн ұясына батар кезде «Ауди» көлігі жүйткіп шыққан. Екеуі бетпе бет соғысып, автобус жол жиегіне аударылып қалған. Салдарынан автобус ішінде болған 30 жолаушының төртеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның ішіндегі екі жолаушы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Оқиға кеше кешке болған. 

Мұндай жол апаты әсіресе Шымкентте жиілеп кетті. Соңғы үш айдың өзінде мегаполисте 9 адам қаза болған. Ішкі істер министрі келтірген дәйекке сүйенсек, еліміздегі жол ережесін бұзу оқиғасының үштен бірі Шымкентте тіркеледі. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін елемейді. Бағынбайды. Мамандар бұған автокөлік жүргіушілерін оқыту және оларға куәлік беру кезіндегі таныстық пен сыбайластық себеп дейді.  

Пернебек Қожахметов, оқыту орталығының маманы:
Жүргізуші куәлігін біреудің көмегімен немесе таныс арқылы алып жатады. Сол себепті жүргізушілер құқықтарын білмейді. Жол белгілерін білмейді. Бағынғысы келеді, бірақ түсінбейді. Сол себепті осындай жол оқиғалары болып жатыр. 

Ал полиция департаменті керісінше жол апаттарының бұрынғыдан азайғанын айтады. Қала көшелеріндегі жол қозғаласын қадағалау үшін былтыр 1 мың 700 бейнебақылау камерасы орнатылды. 

Ерғали Сүлейменов, Шымкент қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
Орнатылған бейнебақылаулардың нәтижесінде қала көшесінде 3 айда жол көлік оқиғасы 70-тен 56-ға, оның салдарынан қаза болғандар 11-ден 9-ға, жарақат алғандар 84-тен 79-ға төмендеп отыр.

Бірақ камераны көзге ілмейтін, қондырғыдан қаймықпайтындар Шымкентте әлі де бар. Мәселен, бейне бақылау құралы арқылы Павлодар облысында тіркелеген «Рено-Дастер» көлігінің жарты жылдың ішінде 178 рет тәртіп бұзғаны анықталды. Айыппұлдың көлемі 4,5 миллион теңге.  

Көлік мінгендердің кейбірі жылдамдық асырып, жолға таласамын деп соқтығысып қалып жатқанда, бүгін Шымкентте Газ-53 көлігі шалқасынан түсті. Көпірдің үстінде келе жатқан ауыр техника тоқтай алмай, төмендегі 4 жеңіл көлікті жаншып тастады.

Бір тәуірі мыжылған машиналардың ішінде адам болмаған. Газ-53 көлігінің жүргізушісі де ешқандай жарақат алмапты. Болжам бойынша ауыр техниканың тежегіші істемей қалған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу