«Сыр елі-жыр елі» дейміз. Алайда, сол Қызылорда өңіріндегі мәдени нысандардың әбден тозығы жеткен. Тіпті, 14 елді мекенде мәдени шаралар өтетін ғимарат та жоқ екен. Ал Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылындағы клуб үйі бірнеше жылдан бері апатты жағдайда тұрғанымен жергілікті билік жаңасын салуға құлықсыз болып отыр.
Әділбек Серікұлы, тілші:Ескі клубтың ғимараты 2013 жылы апатты деп танылған. Содан бері ауыл өнерпаздары мұнда үреймен өнер көрсетіп келеді. Жаңбыр жауса төбеден су ағып, бөренелері шіріп тұр, дейді-мамандар. Ал аядай жер әлі күнге дейін кантрамарка пешпен жылытылады. Оның өзі тозып, қырық жамау күйде тұр.
Өткен ғасырдың 60 жылдары асар әдісімен салынған ғимарат содан бері күрделі жөндеу де көрмеген. Бүгінде клуб деген аты болмаса, мүлдем талапқа сай емес. Дегенмен, ауылдағы өнерге құштар 40-қа жуық жасөспірім осындағы үйірмелерге қатысып жүр.
Нұрай Құралқызы, оқушы:Бізге бұл клуб би-билеуімізге таршылық етеді. 4-5 қыз бола қалсақ сахнаға сыймаймыз. Бізге үлкен мәдениет үйі, клуб керек. Басқа ауылдардың мәдениет үйлері үлкен, соған қызыға қараймыз.
Ауыл тұрғындары жыл сайын әкімдердің есепті кездесуінде тозығы жеткен клубтың мәселесін көтеріп келе жатқандарын айтады. Тіпті, 2014 жылы 150 орындық мәдениет үйінің жоба-сметалық құжаты әзірленіпті. Бірақ, құрылысқа қаржы қаралмай жоба еш кеткен. Былтыр 800-ге жуық тұрғыны бар Майлытоғайға жаңа әкім сайланды. Елдің ендігі үміті сол жаңа басшыда.
Жандос Әбенов, ауыл әкімі:Үшінші мәрте осы клубтың құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге жұмыс жасалып. Аудандық экономика бөліміне хат жолданды. Бұл бойынша аудан әкімдігі де және тиісті бөлімдер де хабардар.
Жалпы облыс бойынша 171 мәдени нысан бар. Соның көпшілігі әбден тозған. Дегенмен соңғы 10 жылдың көлемінде ауыл-аймаққа жаңадан 33 клуб салыныпты. Мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді, дейді - салаға жауапты басшылар.
Жанат Құрамысова, Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:Әлі де 58 клубтың 22-і апаттық жағдайда тұр, 22-і биімделген ғимаратта отыр. Және 14-нің мүлдем ғимараты жоқ. Биылғы жылдың өзінде 2 клубтың құрылысы аяқталуы көзделіп отыр. Және 4 клубымыздың облыс бойынша құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Сыр елі - жыр елі деген. Өнерді сүйетін өңірде жергілікті билік мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйіне баса мән беру керек. Халықтың талап-тілегі осы.
Әділбек Серікұлы