Узра Зея Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына кері әсерін азайтуға уәде етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Узра Зея Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына кері әсерін азайтуға уәде етті

17.04.2022

Осы аптада Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея келіп кетті. Бұл сапар несімен маңызды? Соңғы 1,5 ай алаң да алаң күй кешіп келеміз. Геосаяси ахуал ушығып тұр. Ресейге салынған санкциялар біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайтыны анық. Әрі қазір жай ғана танымал адамдардың өзіне «тарапты таңда» деген талап қойылып тұрған сәтте, саяси алаңдағы қысымды елестетіп көріңіз. Қазақстан қайнап тұрған қазанға түсіп те кетпей, сол қазаннан үлесін де жоғалтып алмауы тиіс. Сондықтан «саяси шахмат» тақтасындағы ірі ойыншыдан қолдау алудың өзі – жақсы жаңалық.

Сонымен, Ақ үйдің ұстанымын жеткізген Узра Зея Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына кері әсерін азайтуға уәде етті. Сыртқы істер министрлігінде өткен жоғары деңгейдегі диалогта АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары былай деді: «ҚазақстанныңОрталық Азиядағы тұрақтылық пен дамуды ілгерілету жолындағы рөлі зор. Мұндағы тәуелсіз мемлекеттер өздерінің ұлттық мүдделеріне сай серіктестерін таңдай алады. Олар жаһандық нарықпен және халықаралық инвестициялармен тығыз байланысты». Ал Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қаринмен кездесуінде Узра Зея Американың екі жақты диалогты жалғастыруға ықыласын жеткізді. АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық бастамаларын құп көріп, демократиялық процесстерді жүзеге асыру үшін қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Узра Зея, АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары:

Бәріміз Ресей мен Украина арасында туындаған халықаралық дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Халықаралық қоғамдастық жедел үн қатып, Ресейге қатысты бірқатар санкцияны шұғыл ұсынды. Олар қызметкерлер мен серіктестерге, оның Қазақстанға теріс ықпалын қысқартуға бағытталған. Біздің санкциямыз президент Путинге және халықаралық саясатты тұрақсыздандыруға жол берген тұлғаларға қарсы бағытталып отыр.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу