Жаңаөзен қаласына бүгіннен бастап ауыз су кестемен беріліп жатыр. Өйткені, тіршілік нәрі тапшы. Сондықтан, алдағы 4 ай бойы қалаға және қала маңындағы елді-мекендерге су кезекпен беріледі. Тұрғындарға суды үнемдеп пайдаланудан басқа амал жоқ. Сондықтан мамандар жасыл желекті тамшылатып суарып, құдыққа су жинап қоюға кеңес береді. Қазір Жаңаөзенге тәулігіне 26 мың текше метр ауыз су беріліп отыр. Бірақ, тұрғындардың сұранысы 30-32 мың текше метр. Қалада ауыз су мәселесінің әзір шешілетін түрі жоқ. Тек Кендірлі демалыс аймағында су тұщыту қондырғысы салынса ғана тапшылық жойылмақ. Бірақ, оның құрылысы қашан басталатыны белгісіз.
Мақсат Сарыбаев, «Өзенинвест» МКК директорының орынбасары:
Егер су қоры жеткілікті болып жатса, ары қарай біз тұрғындарға беруге мүдделіміз. Артық суды жинап қоюдың ешқандай несі жоқ. Сондықтан кесте тек мәжбүрлі жағдайда суқорының жеткіліксіздігіне байланысты жасалып отыр.
Аягөз Оралбайқызы