Биылғы жылы еңбек нарығының трендтерін талдаудың нәтижесінде, «Болашақ» бағдарламасының басым мамандықтар тізіміне инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және индустриялық инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық қосылды.
Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин желідегі парақшасында жазды.
Осы ретте 17 мамандықтың атаулары кеңейтіліп, бұрыннан бар мамандықтар қатарына қосылса, ал 23-і - жаңа мамандықтар ретінде енгізіліп отыр. Жалпы алғанда, басым мамандықтардың тізімі техникалық бағыттағы мамандықтармен 30%-ға кеңейтілді.
Халықаралық бағдарламалар орталығы басым мамандықтарды анықтау үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларға қажеттілігі туралы мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келіп түскен 70-ке жуық өтініміне талдау жасады. Кадрлық нарықтың орта мерзімді болжамы ескерілді. Мемлекеттік органдар, ЖОО, ғылыми орталықтар, индустрия және бизнес өкілдерінің қатысуымен сараптамалық кездесулер өткіздік.
Биылғы жылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға арналған басым мамандықтар тізіміне жалпы академиялық оқуға арналған 92 мамандық және тағылымдамадан өтуге арналған 158 мамандық кірді.