Донбаста әскери қақтығыс күшейіп келеді. Ресей армиясы мұнда Луганск және Донецк облыстарын түгел алуға әрекет жасап жатыр. Бірақ, Украина 480 шақырымдық майдан шебіне ең тәжірибелі мыңдаған жауынгерін шоғырландырған. Британ барлаушыларының дерегінше, олар қарсы жақтың талай шабуылына тойтарыс берді. Дегенмен, Ресей қарулы күштері 18 мың тұрғыны бар Креминна қаласын алғанын хабарлап отыр.
Пасхада гуманитарлық үзіліс қажет
Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейбіт халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін және зардап шеккен аудандарға көмек жеткізу мақсатында Пасха мерекесінде төрт күндік гуманитарлық үзіліс жасауға шақырды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
Гуманитарлық мұқтаждық өте ауқымды. Науқастарды немесе жараланғандарды емдеуге ресурс жетпей жатыр. Бүгінде Украинада 12 миллионнан астам адамға гуманитарлық жәрдем қажет. Солардың үштен бірінен астамы - Мариуполь, Херсон, Донецк және Луганскіде. Бұл көрсеткіш 15,7 миллионға дейін артады деп болжап отырмыз.
Сарбаздар қаруын тастамады
Біріккен Ұлттар Ұйымының өзге бір дерегінше, Украинадан шетелге босып кеткен тұрғындар саны 5 миллионнан асты. Ал, 50 күннен бері Ресей әскерінің қоршауында тұрған Мариуполь қаласындағы жағдай өте қиын. Ресей қарулы күштері мұндағы «Азовсталь» зауытына бекінген 900-дей украиналық жауынгерге бүгін берілу туралы жаңа талап қойды. Алайда, «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, бірде-бір сарбаз қаруын тастамаған. Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Мариупольдегі ахуал өте күрделі.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
Мариупольдегі жағдай еш өзгеріссіз, барынша қиын күйінде қалып отыр. Өкінішке орай, біз оның тұрғындары мен қорғаушыларын құтқаруға мүмкіндік беретін алмасу жайлы ұсынысымызға жауап алған жоқпыз.
Батыс елдері украинаға тағы қару қару бермек
Ақ үйдің мәлімдеуінше, Вашингтон Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар дайындап жатыр. Ал, президент Джо Байден алдағы күндері Киевке тағы 800 миллион доллардың әскери көмегін беретінін жариялаймақ. Сонымен қатар, Канада мен Ұлыбритания Украинаға қосымша артиллерия жіберетінін айтса, Норвегия «Мистраль» әуе қорғанысы зымырандарының 100 данасын жөнелтпек.
Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирби мәлімдегендей, Батыс қазір Украинаға әскери ұшақтар мен олардың қосымша бөлшектерін де бере бастаған.
Арыстанбек Рысбек