Ақтөбеліктер әлі күнге дейін көгілдір отын мен таза суға зар болып отырғандарын айтып шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер әлі күнге дейін көгілдір отын мен таза суға зар болып отырғандарын айтып шағымданды

21.04.2022

Үй бар, күй жоқ! Осыдан 4-5 жыл бұрын жер телімін алып, баспана салған ақтөбеліктер әлі күнге дейін көгілдір отын мен таза суға зар болып отырғандарын айтады. Әкімдік бірнеше жыл қатарынан уәде бергенмен, нәтиже болмаған. Қыруар қаржыға салынған үйлерінің қыстай тоналып жатқаны да бар. Тұрғындар шағымын әріптесім Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:
«Қазір біз тұрған Жаңақоныс-4 елді мекенінен 4 жыл бұрын 1200 жер учаскесі берілген. Содан бері жүздеген тұрғын баспаналарын салып алды. Алайда, көгілдір отын мен жарық келмегендіктен ешқайсысы көшіп келе алмай отыр».

Әділхан үй құрылысын 2018 жылы бастаған. Жиған-тергенін осында салды. Басқа барар жері болмаған соң амалсыз суды тасып ішіп, жылуды тоққа қосып тұрып келеді. Ол үшін айына қыруар қаржы төлеуге мәжбүр.

Әділхан Әнешов, ауыл тұрғыны:
«Қарапайым менің кішкентай үйімнің өзі 100 мыңға шықты, мысалы. Қалтамызға қолайсыз. Уәде етілген әкимат көгілдір отынымызды әкелсе деп тілейміз енді. Бір ай бойы ауылға кіре алған жоқпыз, ешқандай машина да кіре алмады».

Мұнда тұрып жатқан 20-дан астам отбасы көктемде жол болмаған соң айлап пәтер жағалауға мәжбүр болған. Сол уақыттарда бірнеше үйге ұры түсіпті. Елді мекенде қазірге дейін 400-ге жуық үйдің құрылысы аяқталған. Дегенмен, барлығы бірдей көшіп келе алмай отыр.

«Сап-сары, ішуге келмейді. Ауыз суды қаладан тасып отырмыз».

Әкімдік ауылдың ортасынан уақытша құдық қазып берген. Алайда, оның суы ішуге мүлдем жарамсыз. «Мектеп пен балабақшаны әзір армандамаймыз, ең бастысы таза су мен газ тартып берсе»,- дейді тұрғындар. Амалдары таусылған соң қала әкімдігіне барып, шағымдарын айтты.

Мейрамгүл Райханова, ауыл тұрғыны:
«Бәрі беріледі, үйлеріңді сала беріңдер деді. Сосын біз салып қойдық. Енді газ берсе, көшіп барғымыз келіп отыр. Бірақ, газ жоқ. Ешқандай қозғалыс жоқ».

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ауылға газ тарту үшін 290 миллион теңге қарастырылған. Былтыр байқау өтіп, мердігер мекеме анықталыпты. Жауаптылар жұмысты барынша ерте аяқтауға тырысамыз, дейді.

Байтұрсын Өксікбаев, қалалық түкш бөлімінің сектор меңгерушісі:
«Қардың кеткені міне, 10-15 күн болды. Материал алынып жатыр. Майға дейін жұмыстар толығымен басталады. 7 ай ғой срогі, декабрьге дейін кіреді».

Алайда,ауыз су мәселесі әзір шешілмейтін секілді. Өйткені, елді мекеннен жер асты қоры анықталмаған. Жалпы, мұндай мәселе Ақтөбенің іргесіндегі бірнеше елді мекенде бар. Кейбіріне тіпті, жарық та бармаған. Ол жерлерде қазірге дейін қанша үй салынғанын әкімдіктегілер де білмейді. Ал, жер кезегінде тұрғандар саны 150 мың шамасында.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу