Павлодарда айналдырған бір аптаның ішінде бюджеттің миллиардтаған қаржысына бастан-аяқ жөнделген екі мектеп отқа оранды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда айналдырған бір аптаның ішінде бюджеттің миллиардтаған қаржысына бастан-аяқ жөнделген екі мектеп отқа оранды

21.04.2022

Араға апта салмай Павлодарда екінші мектеп жанды. Екеуі де «Заманауи мектеп» жобасы бойынша күрделі жөнделген. Бұл кездейсоқтық па, немесе бюджеттен бөлінген миллиондарды бүркемелеудің амалы ма?

Павлодарда айналдырған бір аптаның ішінде бюджеттің миллиардтаған қаржысына бастан-аяқ жөнделген екі мектеп отқа оранды. Бүгін таңғы 8 де қала орталығындағы 28-ші мектеп өртеніп, 576 адам дереу сыртқа шығарылды. Зардап шеккен бір мұғалім ауруханаға жеткізілді. Ал, өткен аптада отқа оранған білім ошағына қатысты өкілеті орган «өрт қасақана қойылған» деген болжам айтты.

Өрт физика кабинетінен басталып, бірден шатырға тиген. Бастапқыда мұғалімдер жалынды өз күштерімен сөндірмек болады. Оларға оқушылар қосылған. Мектепке енді кіріп, сыныбына көтерілген Диана Шафибуллина қатты қорықтым, - дейді.

Диана Шафибуллина, оқушы:

Электр сымы жана бастады да гүрс еткен дыбыс шықты.Физика кабинетының есігі ашық болатын. Мен анық көрдім. Содан кейін оқушыларды сыртқа шығара бастады.

От тұтанған кабинетте болған 1975 жылы туған мұғалім иіс тиіп ауруханаға жеткізілді.

Нұрлан Жұмажанов, қалалық аурухананың бас дәрігері:

Орташа ауыр халде жеткізілді. Барокмераға жатқызып алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Иіс тиген адамның миына күш түсіп, мінезі ауырлауы мүмкін. Бақылауда ұстап отырмыз.

Өрттің нақты неден болғаны әзірге белгісіз. Тексеру жүріп жатыр. Бірақ қазірдің өзінде білім ордасында қауіпсіздік шаралары сақталмағаны белгілі болды.

Тілекжан Галямов, қалалық ТЖЖ басқарма басшысының орынбасары:

Өртті зерттеу орнында қолданысқа тыйым салынған, зақымданған электр ұзартқышы анықталған. Өрт содан шығуы әбден мүмкін.

Болат Аманбаев,тілші:

Өткен аптаның жұма күні Павлодарда тағы бір мектеп жанған болатын. Төтенше жағдайлар департаментінің алдын-ала мәліметіне қарағанда онда өрт қасақана қойылуы мүмкін. Күдікті күшейтетін тағы бір дерек, екі нысанда «Заманауи мектеп» жобасы бойынша күрделі жөнделді. Осындай алты мектептің іші-сыртын бүтіндеп, техника жиһазын жаңарту үшін 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.

Мемлекет ақшасы қаншалықты мақсатты түрде жұмсалды? Осыны анықтау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті екі апта бұрын тексеріс бастаған. Ал, мектептердің бірінен соң бірі жануы кездейсоқтық болуы мүмкін бе, мұны құзырлы орындар анықтамақ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу