Орал қаласының халқы қараңғыда қалғалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласының халқы қараңғыда қалғалы тұр

21.04.2022

Орал қаласының халқы қараңғыда қалғалы тұр. Жылу электр орталығын жөндеу керек. Ал, Тараздықтар кәріз суын тазарта алмай әлек. Үкіметтен көмек күтеді. Елді газдандыру мәселесі де өзекті. Бүгін сенатта Премьер-Министрге депутатар осы тақылеттес бірнеше сауал жолданды.

Оралдықтар жарыққа жарымай отыр. Жылу электр орталығындағы ақауды жоймаса, төнетін қауіп қазіргіден де зор. Ондағы қос турбиналық қондырғының бірі істен шыққан. Жаңалау үшін 3 млрд теңге бөлінген. Бірақ, игермегеннің кесірінен қаржының бір бөлігі бюджетке кері кетті. Енді 1 млрд 700 млн теңге керек.

Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жарамсыз қондырғының қасындағы екіншісі де істен шығуы мүмкін. Себебі, күш бір агрегатқа түсіп тұр. Егер солай болса электр энергиясын өзге өндірушілерден алуға тура келеді. Ал, оның бағасы 1 киловатқа қымбат. Түптеп келгенде Оралда тарифтің көтерілуіне соқтырады.

Таразда кәріз сулары тазартылмайды. Республикада сондай станциясы жоқ бұл жалғыз аймақ. Қалададан аққан қалдық Қостөбе ауылы маңындағы тұндырғыштарға жиналады. Бірақ, шамадан тыс көп болған соң облыс аумағына таралып, қоламса иіс қолқаны қабады. Салдарынан ауаға зиянды заттар тарайды. Сенатор Үкіметке жұрттың үнін жеткізді.

Әбдәлі Нұралиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Елді мекендерде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету мақсатында, Тараз қаласындағы кәріз суларды тазалау кешенін салу жобасының іске асырылуына қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесіне ықпал етуіңізді сұраймыз.

Көгілдір отын көрсеткішіне депутаттардың көңілі толмайды. «QazaqGaz» ұлттық компаниясын реформалауды ұсынды. Жер қойнауын пайдаланушыларды жаңа газ жобасын іске асыруға ынталандыру керек. Бағасымен қатар газбен қамту бойынша да жоспар түзген дұрыс. Әйтпесе, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы баяу. Демек, 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыруды аяқтамайтыны анық.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Газдың болмауы – инвестиция тарту, жаңа өндіріс ашу, халықты жұмыспен қамту және өңірлерді дамыту жағынан да басты тежеуші факторға жатады. Сондықтан газдандыруда экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтитын қолайлы нұсқа қарастырылыуы керек.

Бұл инфрақұрылым саласындағы санаулы проблема. Әр ауылға үңілсе ақау табылады. Сондықтан сенаторлар үкіметтен сапалы жұмыс күтеді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу