Алматыда балалар хирургиясының дамуы мен келешегі туралы халықаралық конференциясы өтті. Жиынның басты мақсаты - жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру. Бұл саладағы өзекті мәселелерді көтере отырып, дамуы мен келешегін саралау. Сондай-ақ, жаңа инновациялар бойынша тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнатып, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру, дейді ұйымдастырушылар. Биылғы шара елімізге белгілі балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Ахпаровты еске алу құрметіне арналды. Білікті маман медицина саласында 40 жылдан аса қызмет еткен. «Алтын қолды» дәрігер он мыңнан аса операция жасап, отаның 21 түрін алғаш рет енгізген новатор ғалым. Ол балалар ауруын диагностикалаудың және хирургиялық емдеудің жаңа, маңызды әрі тиімді әдістерін кешенді әзірлеп, енгізді. Қатысушылар мұндай конференция жас дәрігерлердің ғылыми-зерттеу саласына қызығушылығын арттырып, Нұрлан Нұркинұлының ізін жалғастыруға ықпал етеді, дейді.
Ләззат Манжуова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының орынбасары:
Ол кісі танымал хирург, танымал ғалым. Оның еңбектері тек қана Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде белгілі. Ол кісінің шәкірттері қазір бүкіл Қазақстанда балалар хирургиясы саласында жұмыс атқарып отыр.
Азамат Оразалинов, балалар хирургі:
ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып АҚШ-қа барып, оталардың қалай жасалуы керек екенін көріп, Қазақстанға келіп ең алғаш болып енгізді. Бізден кейін бұл оталарды Ресейде 8-9 жылдан кейін ғана енгізе бастады.