Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп беруге кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп беруге кірісті

25.04.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп беруге кірісті. Ол өз өкілеттігінің бірқатарын Парламентке беріп, заң шығарушы органның ықпалын арттырмақ ниетте. Осылайша күшті Парламенті мен елге есеп беретін Үкіметі бар, Президенттік Республика басқару жүйесіне көшуді көздеп отыр. Бұл ережелер еліміздің басты заңында бекітілмек.

Президент - тең мүмкіндіктің мызғымас кепілі. Сол үшін де мемлекет басшысы белгілі бір партияның мүшесі болмауы тиіс. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» партиясынан шығатынын айтқан еді. Бұл саяси бәсекелестіктің әділ өтуіне ықпал етіп, белгілі бір топқа басымдық берудің алдын-алады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Көп партиялы жүйенің бәсекелес болуы үшін әлбетте ойын ережелері бәріне тең болуы керек. Билік партиясы соңғы уақытқа дейін әкімшілік ресурсқа бағынып келді. Президенттің өз қолдауы бар. Жер-жерде әкімдер бар. Ал, енді ашық саяси бәсекелестік дегеніміз қолдаусыз, бастықтардың қаржыландыруынсыз шын, ашық алаңда қолына не келеді? 

Облыс әкімдерін тағайындау жүйесі де өзгереді. Енді президент жергілікті мәслихаттардың қарауына кем дегенде екі кандидат ұсынады. Депутаттардың көп дауысын алған, яғни жанама сайлауда жеңіп шыққан үміткер әкім болады. Конституцияда президенттің туыстары жайлы да арнайы тармақ болады. Яғни оның жақын туыстарына саяси қызметке келуіне тиым салынады. Тіпті ауыл әкімі де бола алмайды. Бұдан бөлек Самұрық-Қазына секілді квазимемлекеттік салада лауазымды қызмет атқаруына заңмен шектеу қойылады. Бұл өткен тарихтан алған сабағымыз.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Президент туралы конституциялық заңға да енгізсе болатын еді. Бірақ мемлекет басшысы нақты ата заңымызға осыны енгізу туралы ұсыныс берді. Ол ұсыныс қабылданды. Яғни бұл алдағы уақытта қандай да бір олигархаттың немесе президенттің жанындағы саяси күштің айналып кетпеуінің алдын-алу мақсатында жасалып отыр деп есептеу керек.

Бұған дейін, Президент өз пәрменімен 15 сенаторды тағайындайтын құқығы болған. Президент осы өкілеттігін 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартты. Қасым-Жомарт Тоқаев қолда тұрған билікті беру арқылы Парламенттің мәртебесін өсірмек. Ресми тілмен айтсақ, саяси дизбаланстың орнын саяси тепе-теңдік басады.

Шерхан Жамбыұлы


Хабарламаларға жазылу