Францияда президенттік сайлаудың екінші туры аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда президенттік сайлаудың екінші туры аяқталды

25.04.2022

Францияда президенттік сайлаудың екінші туры аяқталды. Эммануэль Макрон мемлекет басшысы болып қайта сайланды. Ол әсіре оңшыл кандидат Марин Ле Пенді басым дауыспен жеңді. Француздардың 28 пайызы сайлауда дауыс бермеген. Миллиондаған адам дауыс беру учаскесіне барса да, бюллетендерін толтырмаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы мен өз атынан Эммануэль Макронды президенттік постқа қайта сайлануымен құттықтап, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. 

Эммануэль Макрон жеңіске жетті

Франция халқы өз президентін таңдады. Мемлекетті алдағы 5 жылда қазіргі мемлекет басшысы Эммануэль Макрон басқарады. Саясаткер соңғы 20 жылда Елисей сарайының қожайыны болып алғаш рет екінші мерзімге сайланып отыр. Екінші турда Макронға француздардың 58,55 пайызы дауыс берген. Ал оның әсіре оңшыл қарсыласы Марин Ле Пенді сайлаушылардың 41,45 проценті немесе 13 миллионнан астам адам қолдады. Сайлаудан кейін сөйлеген сөзінде Эммануэль Макрон елдің екіге бөлінгенін мойындап, "бүкіл халықтың президенті" болуға уәде берді.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:
Рахмет достар, рахмет отандастар. Осындағы және шеттегі азаматтарымызға алғыс айтамын. Өйткені көпшілігіңіз сенім артып, республиканы басқаруды тағы бес жылға маған тапсырып отырсыздар. Бүгін сіздер гумманистік, өз құндылықтары бар республикалық жобаны таңдап отырсыздар. Және де бұл – әлеуметтік әрі экологиялық жоба.

Президенттік сайлауда француздардың 28 пайызы дауыс берген жоқ. Мұндай жаппай бойкот 1969 жылдан бері болмаған. 3 миллиондай адам дауыс беру бюллетендерін қасақана бүлдірген не еш кандидатты таңдамай, бос қалдырған. Президенттік бәсекенің екінші турында Ле Пен мен Макрон арасындағы алшақтық 5 жыл бұрынғы сайлау нәтижесіне қарағанда екі есе қысқарған. Яғни, әсіре оңшыл үміткерді жақтаушылардың саны артты. Сол себепті 53 жастағы Ле Пен өзінің жеңілісін "жеңіс" деп атады. Макронға қарсы саяси күресті әрі қарай жалғастыруға уәде берді.

Марин Ле Пен, "Ұлттық майдан" партиясының лидері:
Ешкімге өкпе-ренішім жоқ. Бізді сан мәрте көмсе де, сан мәрте тарих жойылуымызды қалағандардың қателескенін дәлелді. Жеңілсем де, үміт оты оянды. Бұл сайлау француз халқы ауқымды өзгерістерді аңсайтынын көрсетті. 

Францияның одақтастары бесінші республикада оңшыл үміткердің жеңіліп, Макронның жеңгені жайлы жаңалықты қошеметпен қабылдады. Көптеген сарапшының пікірінше, Макрон соңғы жылдары Еуропалық Одақтың беткеұстарына айналған. Себебі, британиялықтар "брексит" өткізсе, Еуропаның 21-ғасырдағы ең беделді саясаткері Ангела Меркель саяси сахнадан кетті. Ал биыл маусымда өтетін парламенттік сайлау Францияның 44-жастағы президенті үшін ірі сынақ болмақ.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу