Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда көз жұмған ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылына жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда көз жұмған ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылына жеткізілді

25.04.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында, маңғыстаулық сарбаз Әлібек Саламатұлы Қалбайдың қаза болуына байланысты, жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, президент жауапты органдарға осы оқиғаның шынайы себебін анықтауды тапсырды. Ішкі істер министрлігінің өкілдері сарбаздың денесінен жарақаттар анықталмағанын айтқан. Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары, тәуелсіз тексерістерден кейін заңсыздықтар анықталса, осындай жағдайға жол берген командирлер жауапқа тартылады деді.

Жамбыл облысы Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда көз жұмған ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылына жеткізілді. Марқұмның жақындарының айтуынша, 18 жастағы жауынгер Қордай ауданындағы 30/212 әскери бөліміне 18 сәуірде барған. 4 күннен соң суыт хабар келді. Марқұмның туыстары жас сарбаздың өліміне кінәлілер анықталып, заң алдында жауап беруін талап етті.

Динара Тілесова, Ә.Қалбайдың туысы:
12-сі күні мәжбүрлі түрде армияға кетсін деп баланы алып кетеді. Сотталасың, болмаса 3 млн-ға штраф төлейсің дейді. Кешкі 3-4 арасында мамасына соғады 4 мың теңге берші, асқазаныма дәріге ақша алдыртуым керек деп. Баланың көретін жері жоқ. Іші, бүйрегі, қолдары көгерген. Басы көгерген.

Ал, қорғаныс министрлігінің өкілдері «сарбаз таңғы сапқа тұру кезінде есінен танып құлаған» дейді. Олар қайғылы оқиғағаға қатысты ештеңені жасырып қалмайтынын айтады. Өйткені барлық сатыдағы командирлер әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына ата-аналар мен мемлекет алдында жауапты. Оқыс оқиғадан кейін сарбаздың ата-анасы мен жақындары дереу әскери бөлімге барып, ұлдары қызмет атқарған бөлімшедегі тұрмыстық жағдаймен танысқанын жеткізді.

Серік Борамбаев, ҚР Қарулы күштері бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы:
Әскери қызметшінің қаза болуы ісі бойынша ішкі істер министрлігінің әскери тергеу орындары жүргізіп жатыр. Олар өз қызметтері бойынша тәуелсіз және қорғаныс минстрлігіне есеп бермейді. Бұл тексерістің әділ және неғұрлым обьективті жүргізілуі үшін жасалған. Кінәлілерді тауып жауапқа тартса біз үшін абырой болар еді.

Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды. Айта кетейік, Жамбыл облысында мұндай қайғылы оқиға бір ай бұрын ғана болған. Меркі ауданындағы «Андас батыр» әскери заставасынан жоғалып кеткен қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердешовтың денесі Қырғызстаннан табылған болатын.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу